Қарағанды облысының Ақшатау кенті
маңында болған жол апатына автобустың қарсы бетке шығуы себеп болуы мүмкін.
Облыстық ішкі істер департаменті мамандарының болжамы осыған саяды.
Апат кеше кеш қарайғанда болған.
Балқаш-Қарағанды тас жолында «Камаз» жүк көлігі мен жолаушы тасымалдаушы
автобус соқтығысқан. Оқыс оқиғадан 6 адам қаза болды. «Камаз» жүргізушісі мен
қасындағы жолаушы тіл тартпастан жан тапсырған. Автобуста болған 15 адамның
төртеуі көз жұмды. Олар - автобус жүргізушісі мен екі жолаушы және 3 жасар
бала. Қалғандары түрлі жарақаттармен аман қалған. Қазір жапа шегушілердің үшеуі
ауруханада ем қабылдауда. Жол-көлік оқиғасының себеп-салдары тексеріліп жатыр.
ІІД баспасөз қызметі арнайы сараптамалар тағайындалғанын айтады. Алдын-ала
болжам бойынша, автобус жолдың қарсы бетіне шығып, «Камазбен» соқтығысқан.
Берік Төлеубаев, Қарағанды
облыстық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары:
Біздің ауруханаға екі адам
жеткізілді. Біреуінің 3 қабырғасы сынған. Емдеуден бас тартты. Тағы бір науқас
түрлі жарақаттар алған, емделіп жатыр. Келесі апта шығарылуы мүмкін.
Батырхан Смаилов, Қарағанды
облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы:
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша
тексеру басталды. Сараптамалар тағайындалды. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексі
бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айжан ҚУАШ