$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурорға сайлауды өткізу кезеңінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды

AstanaTV
04.03.2015ж. 20:00
1782
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурорға сайлауды өткізу кезеңінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды

Президенттік сайлауға әзірлік пен оны өткізу кезеңінде заңдылықтың сақталуы қамтамасыз етілсін. Бүгін Бас прокурор Асхат Дауылбаевты қабылдаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма жүктеді. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Президент сайлауын өткізу мен оған әзірлік барысында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету - аса маңызды іс. Прокуратура осыған қатысты тиісті шараларды мықтап қолға алсын. Барлық іс-әрекеттер тек қана заң шеңберінде жүргізілсін. Егер заңға сай емес, қандай да бір жайт орын алса, талап орындалмай, құқық бұзушылар кездессе, міндетті түрде жазалануы тиіс.

Сондай-ақ Елбасы Ұлттық қордан экономиканы қолдауға бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қадағалауды тапсырды. Кәсіпкерлік нысандарды заңсыз тексерулер 6 есе қысқарғанына тоқталған Президент азаматтардың еңбек құқығын сақтауды, еңбекақы төлеудегі заңсыздықтардың болмауын қадап айтты.

Кездесу барысында Асхат Дауылбаев құқық қорғау органдарының қызметі, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен кәсіпкерлерді қорғауды күшейту барысы туралы баяндады. Бас прокурор сондай-ақ Мемлекет басшысына елімізде сотқа дейінгі тергеудің Бірыңғай реестрі іске қосылғаны жайлы айтты. Онда қылмыстық құқық бұзу белгілері бар арыздар мен хабарлар тіркеледі.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА