Қазақстан
мұнай өңдеу зауыттарының қайта жаңғыртылуын жоспарлы 2016 жылы аяқтау - бірнеше
маңызды факторларға тәуелді. Қазақстан үкіметінің Ресей мұнай өнімдерінің
импортын шектеуі - осы жоспарды іске асырудың міндетті талабы. Мұнай саласы
жауаптылары осындай пікірде. Мұнай өнімдері нарығын не күтіп тұр? Бұл тақырып
бүгін Астанада талқыланды. Әріптесім Азамат Алдоңғаров толықтырады.
Мұнай
құны - Қазақстанның билік басындағы жоғары шен иелерінен бастап қатардағы
азаматын қатты толғандыратын «сезімтал» мәселе. Бүгін еліміздің мұнайға жауапты
бірқатар лауазымды қызмет иелері журналистердің басын қосып, ашық әңгіме
құрды. Жиын бастала сала қойылған алғашқы сұрақтың бірі - көпке созылған мұнай
зауыттарын жаңғырту «жыры». Бұған дейін Энергетика министрі Владимир Школьник
бір жиында, «Қазақстан бұл жұмыстарды 2016 жылға дейін толық аяқтап, өз қолымыз
өз аузымызға жетеді», деген уәде берген-ді. Ал бүгінгі ашық отырыста, жаңғырту
жұмыстарының қиындықтары көп екендігі ашық айтылды.
Ерлан
Қойбағаров, «Қазмұнайгаз - өңдеу және маркетинг» АҚ маркетинг бойынша
директорының орынбасары:
Иә, біз
зауыттардың жаңғыртылуы 2016 жылы бітеді деп, жоспарлап отырмыз. Ол жоспардың
орындалуына әсер ететін бірнеше маңызды фактор бар. Мысалы, қарапайым фактор -
қаржы тапшылығы. Жаңғыртуға қажетті ақша өңдеуден түскен табыстан алынады. Енді
алғашқы екі ай қорытындысы бойынша, осы жылы өңделуі жоспарланған 15 млн тонна
мұнай өнімін - 14 млн 300 мың тоннаға дейін қысқарттық. Сол 700 млн тоннадан
түскен табысты қайта жаңғыртуға жұмсауға болар еді. Егер де осылай жалғаса
берсе, жаңғыртуға қаржы жете ме, жетпей ме - белгісіз. Мүмкін бұл жұмыстарды
кейінге қалдыруға да тура келер.
Ерлан
Қойбағаров Ресейдің арзан мұнай өнімінің импортына шектеу енгізгеннен кейін
ғана, бұл жұмыстарды шынымен жоспарлы 2016 жылы аяқтауға үміт пайда болды
дейді. Ол тіпті қазіргі үш зауыттың тозығы жеткендігін алға тартып, зауыттарды
алда әр 3 жыл сайынғы циклді жөндеу тәртібіне көшіру жоспары барын айтады.
Демек бұл «үшеудің» алдағы жылдары үзбей өнім беріп тұруында да қиындықтар бар.
Жаңғыртуға қаржы көптеп-көмектеп табылып жатқанда, үкімет алдында төртінші МӨЗ
құрылысы тұр. Бүгін Энергетика вице-министрі болашақ зауыттың
техникалық-экономикалық негіздемесі алдағы бірнеше айда жасалатындығын және
жобаның құны жайында да айтып қалды.
Мағзұм
Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:
Бүгінгі
әлемдік экономиканың статистикасы, қуаты 10 млн тонна мұнай өңдей алмайтын МӨЗ
құрылысы тиімсіз екендігін, көрсетіп отыр. Экономикалық есеп-қисапқа келетін
болсақ, 10 млн тонна өңдеу қуаты бар зауыт құрылысы шамамен 10 млрд долларға
түседі. Төртінші зауыт шығынын ақтау үшін, біз, әрине, барлық жоспарларды
мұқият зерттеуіміз керек.
Демек,
зауыт қуаты 10 млн тоннадан жоғары болмақ, бұл дегеніңіз, жоба құны 10 млрд
доллардан асып түседі деген сөз. Халықты, дәлірек халық атынан сөйлеген
журналистерді, толғандырған келесі мәселе - жанармай бағасы, оның тұрақтылығы.
Бұл мәселеде де ешкім сенімді жауап бере алмады. Тіпті күтпеген жағдай орын
алса, өткен жылғы сценарийлер қайталануы мүмкін деген болжам жасалды.
Қуандық
Құлмырзин, ҚР Энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің
директоры:
Министрлік, әрине, баға тұрақтылығын сақтап тұруға тырысады. Бірақ нарықтық
экономиканың өз тәртібі бар. Мәселен, күтпеген жағдайда Ресейден әкелетін мұнай
өнімдерінің тасымалында қандай да бір қиындықтар туындаған күнде, ол тапшылықты
Беларусь және өзге де мемлекеттер күшімен жабамыз. Осыдан келіп, тасымалға тағы
шығындаламыз. Ең соңында бұл шығындар жанармай бекеттеріндегі соңғы бағаға әсер
етеді. Осыдан жеке бизнес өкілдері үкіметтен шекті бағаны өзгертуін өтінеді.
Үкімет бұл қадамға бармаса - жұмыстарын тоқтатады. Оны болдырмаудың бір жолы
бар - ол өткен жылғыдай «ҚазМұнайГазды» шығынға батырып, бензин бағасын реттеп
отыру. Немесе бизнес өкілдерінің айтқанына көнеміз.
Ашық
әңгіменің жағымды жаңалығы да бар. Энергетика министрлігі Ұлттық экономикамен
ақылдасып, әлемдік жағдайды ескере отырып, 1 наурыздан сұйытылған газ
тоннасының құнын 33 мыңнан 11 мыңға төмендетті. Энергетика вице-министрі
отандық автоәуесқойларды темір тұлпарларын, үрікпей, көгілдір отынға ауыстыруға
үндеді. Келесі жаңалық ауыл шаруаларына тіпті жағуы тиіс. Үкімет биылғы егін
егу-ору науқанына дизельді отынды өткен жылмен салыстырғанда литрін шамамен
30-35 теңгеге арзандатады.
Мағзұм
Мырзағалиев, ҚР Энергетика вице-министрі:
Былтыр
дизель отынының бағасы 95 тг еді, арзандатылған. Ол кезде өздеріңізге мәлім
АЗС-терде дизель отынының құны 115 теңге тұғын. Сонда біз 95 теңгемен
бергенбіз. Биыл біздің мақсатымыз - осы 99 тг, ол орнатылған баға, ауыл
шаруашылығына 30 пайызға кем арзандатылған дизель отынын береміз деп
жоспарладық.
Дизель
отынының құны нанның соңғы бағасына тікелей әсер етеді. Шенеуніктердің сөзіне
сенсек, алдағы жылы нан жанармай құнына байланысты қымбаттамайды, деген болжам
жасауға болады. Бірақ сол шенеуніктердің өзі «болжамның қайырсыздығын» тағы
ескертеді. Жыл соңына дейін жанармай бағасы құбылмауы тиіс деп, аңдап сөйлейді.
Нақты «иә» не «жоқ» тағы айтылмайды.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ