Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Керекуде әйелдер мерекесі қарсаңында «Менің сүйіктімнің бейнесі» атты бірегей көрме ашылды

AstanaTV
05.03.2015ж. 20:00
771
Керекуде әйелдер мерекесі қарсаңында «Менің сүйіктімнің бейнесі» атты бірегей көрме ашылды

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Керекуде бірегей сурет көрмесі ашылды. «Менің сүйіктім!» деп аталған шара Павлодардағы ерікті ер азаматтардың қолдарынан жасалған. Көрмеге қойылған әр фото тұрғындардың жеке қорынан. Он шақты күннің ішінде Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайы алаңына 150-ден астам туынды жиналды. Көрмені тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы да аралады.

Бірегей көрменің ұйымдастырылатыны жайлы Серік Сұлтанов интернеттен білген. Бірден үйіне келіп, альбомдағы суреттерді ақтара бастағанын айтады. Арасындағы ең әдемісін таңдап, музейге асыққан.

8 наурыз мейрамын павлодарлық тұрғын әрдайым ерекше атап өтеді. Бұл жолы да ұстанған бағытынан айнымады. Жан жары Викторияның көркем бейнесін көрменің ең көрнекті жеріне өз қолымен орнатты. Енді шараның ашылуын асыға күткен.

Серік пен Виктория мектеп қабырғасынан таныс. Оқу бітіріп, институтқа бірге түседі. Бір-біріне өмірлік серік болуды ұйғарған жастар көп кешікпей бас құрайды. 25 жыл отасқан ерлі-зайыптылар - бүгінде бақытты отбасы. Арттарынан қос ұлы ер жетіп келеді.

Серік Сұлтанов:

Бұл көрме павлодарлық ер азаматтарға сүйіктілерін қуантуға жақсы мүмкіндік берді. Жан жарыма деген шексіз махаббатымды ерекше жеткіздім деп айта аламын. Көп рахмет ұйымдастырушыларға!

«Менің сүйіктім» көрмесінде кезекті тосын сыйға ие болған арудың бірі - Айымгүл. Курстасы оған Халықаралық әйелдер күні қарсаңында осындай ғажап тарту жасапты.

Шараға халық көп жиналды. Бірі - сүйіктісін таңқалдырып жатса, екіншісі сурет өнерінің құдіретіне тәнті болды.

Людмила Курилина, Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

Көрме арқылы біз фото өнеріне деген қарым-қатынасымызды көрсеткіміз келді.

Көктемнің әдемі мерекесінде сүйіктілерін ерекше құттықтағысы келген жігіттер аз болмады. Бүгінгі ашылу салтанатында көрермен 150-ден астам әр бағытта түсірілген суреттерді тамашалады.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ