Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

ҰҚК Шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан Жоламанов 11 жылға бас бостандығынан айырылды

AstanaTV
06.03.2015ж. 20:00
1723
ҰҚК Шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан Жоламанов 11 жылға бас бостандығынан айырылды

ҰҚК Шекара қызметінің экс-басшысы Нұрлан Жоламанов 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім бүгін Астана қаласы әскери сотында жарияланды. 

Ербол Ахметжанов, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған әскери соты судьясы:

Жоламанов ҚР ҚК 235 және 366-баптары бойынша қылмыстарды жасауға айыпты деп танылсын және оған 235-баптың 3-бөлігі бойынша өзіне тиесілі немесе бірлескен жалпы меншіктегі үлес мүлкінен айырумен бірге 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін. 366-баптың 4-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтегі жауапты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілсін. Түпкілікті жаза ретінде Жоламановқа мүлкін тәркілеумен, мемлекеттік қызметтегі лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырумен бірге қатаң режимдегі колонияда 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін.Жазасын өтеу мерзімі айыпталушы құрықталған өткен жылдың 27 қазанынан бастап есептелсін.

Судья ҚР Президентіне Жоламановты генерал-лейтенант шенінен және мемлекеттік награда - ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінен айыру туралы ұсыныс та жолдайды. Ал осы іс бойынша кінәлі деп танылған екінші айыпталушы Қайрат Балмағамбетов кінәсін мойындап, істі жүргізуге ықпалдасқаны үшін бостандыққа шығатын болды. Соттың бұл шешімімен Жоламановтың туыс-туғандары мен адвокаттары келіспеуде. Айтуларынша, сот шешімі қолға тиісімен, олар лезде апелляциялық шағым түсірмек. 

Айгерім Жоламанова, Н.Жоламановтың қызы:

Біз сот шешімімен келіспейміз. Ешқандай дәлел жоқ. Пара алғандардың бәрі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бұл Жоламановқа қатысты сот емес, бұл генерал Жоламановтың жеке басына бағытталған жазалау болды.

Жомарт Сарманов, адвокат:

Жаза өлшемі бойынша менің қорғалушым ең аз мерзімді арқалады. 10 жылдан 15 жылға дейінгі бапта оған 11 жыл рәсімделді. Сот отырыстарында көтерілген қылмыстық істердің көбі дәлелденбеді. Пара алу фактісі бойынша 12 іс қозғалған, алайда бүгінгі сот шешімінде оның тек төртеуі дәлелденгендігі айтылды. Қалған істер бойынша жақын арада шағымданамыз.

Еске сала кетейік, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановтың ісі бойынша сот отырысы 26 қаңтарда басталды. Ол 2014 жылдың қазанынан бері қамауда отыр. Нұрлан Жоламановқа 300 мың доллардан астам сома көлемінде пара алды деген айып тағылған.

Жұрағат БАМАН