Орталық сайлау
комиссиясы кезектен тыс президенттік
сайлауға кандидат ретінде тағы 3 адамды тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдады.
Олар: жанар-жағар май құю станциясының бастығы Қанат Жұман, «Халыққа
баспана қалсын» борышкерлер қозғалысының жетекшісі Есенбек Үктешбаев пен
саясаткер, бұрынғы
сенатор Уәлихан Қайсаров.
Комиссия мүшесі Ляззат Сүлейменнің айтуына қарағанда,
үш үміткер де мемлекеттік тілге шорқақ. Бұны лингвистикалық комиссия қорытындысы
көрсетті. Тілді меңгеру деңгейін тексерген комиссия мүшелерінің бағасына
сүйенсек, үміткер Үктешбаев қазақ тілінде «сөйлемдер
құрай алмаған».
Ал Қайсаров - 25, Жұман - 31 стилистикалық және пунктуациялық қате жіберген. Ел
басқаруға ниетті азаматтар «Сайлау» туралы заңның талаптарына сәйкес келмегендіктен
Қазақстан Республикасының
Президенттігіне
кандидат ретінде тіркелген жоқ.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Қанат Тоқтарұлы Жұманның
мемлекеттік тілді еркін меңгермегені анықталды. Сол себепті, Қанат Тоқтарұлы
Жұман ҚР Конституциясының және «Сайлау» туралы заңның талаптарына сәйкес
келмейді,-деп белгіленсін. Қанат Тоқтарұлы Жұманды Қазақстан Республикасының
Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылсын.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА