$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Атырауда жыл басынан бері 162 адам жұмыссыз қалды, бұл жағдай жалғасуы мүмкін

AstanaTV
10.03.2015ж. 20:00
1269
Атырауда жыл басынан бері 162 адам жұмыссыз қалды, бұл жағдай жалғасуы мүмкін

Әлемдік дағдарыстың салқыны атыраулық кәсіпорындарға тиіп жатыр. Жыл басынан бері мұнайлы аймақта жұмыс көлемінің азаюына байланысты жұмысшылар бірінен соң бірі қысқаруға ұшырады. Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, өткен екі айдың ішінде жұмыссыз қалғандар саны артып отыр.

Гүлболат Аманғалиева, Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлім басшысы:

Жыл басынан бері 162 адам жұмыстан қысқартылды. Оның ішінде «ОйлТрансГрундСервис» компаниясы, «ҚазСтройСервис», «Халлибуртон», «ПромСтройЭнергия» компанияларында жұмыс көлемінің қысқаруына байланысты қысқартулар орын алған. Көбінесе қысқартулар сервистік компанияларда орын алып отыр. Оның ішінде инженерлік позициялар бар, жүргізушілер бар, жұмысшылар да бар.

Басқарма өкілінің айтуынша, жағдай мұнан да күрделілене түсуі ықтимал. Алдағы уақытта тағы 240 жұмысшынының қысқаратыны туралы жиырма шақты компаниядан мәлімет түскен. Мысалы, «Қазмұнайгаз Drilling & Services» компаниясы алдағы екі айда 61 адамды жұмыстан босатпақ. «Промстрой» серіктестігі жұмыссыздар қатарын 55 адаммен толықтыратынын ескертті.  Қысқартудың салқыны аймақтағы іргелі кәсіпорындарға да тиіп жатыр. Теңіз кенішіндегі «Келешек» жобасының мердігері «НефтеСтройСервис» компаниясы жерасты құбырлары мен теміржол тұйықтарын салу жұмыстарының тоқтауына байланысты, 300 жұмысшыны қысқартпақ болған. 

Бекет Оспанов , «Нефтестройсервис» ЖШС директоры:

Біз «Келешек» кеңею жобасы қысқартылғаннан кейін, 300 адамды қысқартуға мәжбүр болдық. Осындай қысқарту бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған соң, ТШО бізге жоба бөлді. Сосын біз қысқартамыз деп жоспарлаған жұмысшыларымыздың барлығын жаңадан ашылған жобаға жұмылдырдық. Қазіргі таңда ешқандай қысқарту болған жоқ. 

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ