$479.05 €534.57 ₽5.17
×

«Арселор Миттал Теміртау» мен «Қорғау» кәсіподақ ұйымы 26 миллион теңге үшін соттасып жатыр

AstanaTV
10.03.2015ж. 20:00
1249
«Арселор Миттал Теміртау» мен «Қорғау» кәсіподақ ұйымы 26 миллион теңге үшін соттасып жатыр

Қарағанды облысында «Шахтер» мен «Жартас» демалыс орнының жұмыскерлері «Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының әрекетіне қарсы. Аталған ұйым, екі жыл бұрын өзі құрылтайшылық еткен қос демалыс орнының 280 қызметкерін жұмыстан шығарады. Және еңбек демалысы мен жұмыстан босағаны үшін берілуі тиіс 26 миллион теңге өтемақыны төлемей қояды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында белгілі болды.

280 жұмыскердің қазіргі жұмыс берушісі «Backup Service Resorts» серіктестігінің директоры Владимир Тысяцкийдің хабарлауынша, «Қорғау» кәсіподақ ұйымы «Жартас» және «Шахтер» демалыс орындарына 2010 жылдан бастап 3 жыл құрылтайшылық еткен. Алайда, кәсіподақ ұйымы бұл айыптарды орынсыз деп санайды. Кеншілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов, бұл соманы алдымен «Арселор Миттал Теміртау» «Қорғауға» төлеуі тиіс, деп отыр. Себебі аталған демалыс орындары 2013 жылы «Арселор Миттал Теміртаудың» қарамағында болған.  Екі тарап 26 миллион теңге үшін 1 жарым жылдан бері соттасып келеді.

Владимир Тысяцкий, «Backup Service Resorts» ЖШС директоры:

Заң бойынша бұл өтемақылар 3 күннің ішінде төленуі тиіс. Бірақ бұрынғы құрылтайшы «Қорғау» кәсіподақ ұйымы әлі күнге дейін төлемей келеді.

Марат Миргаязов, «Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының төрағасы:

Қарыз екеніміз рас. Бірақ ол - «Арселор Миттал Теміртаудың» жұмыскерлерді сауықтыру жолдамасы үшін төлемей қойған ақшасы. 3 айдың ішінде 26 миллион теңге жиналды. 2 жылға жуық соттасып келеміз, Жоғарғы сотқа да жеттік. Бірақ компания қайта-қайта шағымданып, қарызды өтемей отыр. Біздің ақшамызды берсе, оны жұмыскерлерге төлеуге дайынбыз.

Кәсіподақ ұйымдарының пайымдауынша, аталған түйткілдер «Арселор Миттал Теміртаудың» аутсорсинг саясатын іске асыруы салдарынан туындаған. Кәсіпорын қаржы үнемдеу мақсатында 2007 жылдан бастап өз қарамағындағы кішігірім серіктестіктер мен цехтарды тендер жариялау арқылы өзге компанияларға бере бастады. Осы кезге дейін 2 мыңдай жұмыскер аутсорсер серіктестіктерге өткен. Көпшілігінде әлеуметтік жауапкершілік сақталғанына қарамастан, кейбір компаниялар келісімшарт талаптарын орындамай отыр.

Айжан ҚУАШ