$479.05 €534.57 ₽5.17
×

АҚШ долларының қымбаттауы Түркия экономикасын теңселтіп тастады

AstanaTV
10.03.2015ж. 20:00
1218
АҚШ долларының қымбаттауы Түркия экономикасын теңселтіп тастады

Түркияда ұлттық валюта мен доллар арасындағы бағам алшақтап барады. Наурыз басталысымен, елдегі ақша айырбас пункттерінде доллар түрік лирасына шаққанда тым шарықтап кетті. Америкалық валюта жыл басынан бері 12 пайызға қымбаттады. Жергілікті экономистер бұның себебін бірінші кезекте - сыртқы нарықтағы экономикалық ахуалмен түсіндіреді. Дегенмен, ел ішіндегі саяси-экономикалық тартыстың да әсері болуы ықтимал деседі.  Түркиядан тілшіміз Самат Сүлей толықтырады.

Түркиядағы қаржылық өзгеріс өткен жылдың соңғы айларында басталды. Ал жаңа жылдан бері күн сайын қымбаттаған доллар бағасы соңғы аптада сағаттап өсіп, түрік лирасын тығырыққа тірегендей.

Бұған дейін АҚШ әр ай сайын шамамен 85 млрд долларлық облигацияны әлемдік нарыққа үлестіріп келді. 2014 жылы жариялағандай, біз бұдан былай бұл соманы 10 млрд долларға азайтып отырамыз деген. Осылайша бір жылда бітіреміз деді. Бұдан соң доллар жинау процесі басталды. 2015 жылдың басында АҚШ орталық банкі төрағасы хабарлады. Енді пайыз мөлшерін өсіреміз деген бойда, әлем мемлекеттері қамдана бастады. Ал біз бұдан кеш қалғандаймыз. 

Экономист Ерхан Арсланоғлұ Әл-Жазира түрік басылымына берген сұхбатында Ұлттық валютаның құнсыздануынан экспорт көлемі азайып, ел ішіндегі табыс салығының түсімі тұралап қалған айтты. Сонымен қатар, алдағы күндері шикі заттың қымбаттауына байланысты тоқыма және электронды құрылғылардың бағасы өзгеруі мүмкін. Түркия президенті ел ішіндегі девальвациялық құбылысқа да «белгілі бір күштердің» ықпалы бар деген ойда.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Соңғы күндері Орталық банк төрағасы Эрдем Башчымен арамыздағы мәселеге қатысты жиі сын айтатындар көп. Президент банк төрағасына маза бермейді дейді. Олай болса бүігінгі жағдайды тез қалпына келтірсін. Бұл менің емес, соның басты міндеті ғой. Бұған дейін айтқанымдай, несие пайызын азайтып, инвесторларды ынталандырсын.

Дәл қазір пайыз мөлшеріне жеңілдік жасалса, құрылыс компанияларының есеп-қисаптары шығынға ұшырап, баспана бағасы қымбаттайды. Әсілі, Түркия экономикасы көптеген кедергілерге кезігетіні анық. «Пайыз тақырыбының тағы бір тұсы - бұл сайлау алдындағы билік партиясының ел алдында ұпай жинау саясаты болуы мүмкін», - дейді экономист Мехмет Әли.

Мехмет Әли, экономист:

Қазіргі экономика министріміз Түркияда ғана емес, әлем бойынша білікті маман екенін дәлелдеді. Яғни елдің көңілінен шыға білген бұл министр алдағы сайлаудан соң қызметін босатуы тиіс. Сондықтан халық оның орнына кім келеді және іскерлік деңгейі қалай болады - күтіп жүр.

Түркиядағы бақуатты кәсіпкерлер қауымы үшін де дәл осы сұрақ маңызды. Министр ауысса, экономикамыз шайқалып, шығын астында қалмаймыз ба деп, алаңдаулы.

Самат СҮЛЕЙ