$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қарағандыда пешпен жылитын көп қабатты үйлерге жылу тартылмайтын болды

AstanaTV
11.03.2015ж. 10:00
841
Қарағандыда пешпен жылитын көп қабатты үйлерге жылу тартылмайтын болды

Қарағандыда пешпен жылитын көп қабатты үйлерге жылу тартылмайтын болды. Бобруй көшесіндегі екі қабатты 5 үйдің, орталық жылу қазандығына қашан қосылатыны белгісіз. Бұл туралы Қарағанды қалалық әкімдігі біздің телеарнамыздың редакциясына арнайы хат жолдады.

Біз, ақпанның 23-і күні аталған мәселенің қашан шешілетінін сұрап, атқарушы орынға жазбаша сауал жолдаған болатынбыз. Жауабы мынадай: 
«Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі» ММ 2013-жылы Ермеков көшесінің жылу магистралін қайта құру бойынша жобаның сметалық құжатын жасаған.

Жобаның құны 1,162 миллион теңгені, ұзындығы 7,8 км құрайды. Бюджеттік өтініш ҚР Профильдік министрліктеріне жіберілді. Бірақ бұл жоба бекітілмеді және қаржаландырылмады. Бұл Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Арман Жұмекеновтың жазбаша жауабы.

Естеріңізде болса, Бобруй көшесіндегі 5 үйдің тұрғындарының 15 жыл бойы пәтерлерінде пеш жағып, күнелтіп отырғандары жайлы жаңалықтарымызда айтылған. Қала басшылығының мәлімдемесіне сүйенсек, ол көшедегі үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу туралы жоспар да жоқ болып шықты.

Үш жүздей тұрғын әлі де пешті пәтерде, не жертөледе жағып жылынуға мәжбүр. Қариялар, 2000-жылдары бұл үйлердің жеке қазандығы болғанын айтады. Ол сол кездегі автокомбинатқа қараған. Ал мекеме таратылғасын, қазандық қолдан қолға сатылып, ақыры жылыту жүйесі жойылған.

Айжан ҚУАШ