$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Нұрсұлтан Назарбаев лингвистикалық комиссия сынынан сүрінбей өтті

AstanaTV
11.03.2015ж. 20:00
1478
Нұрсұлтан Назарбаев лингвистикалық комиссия сынынан сүрінбей өтті

Түстен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Орталық сайлау комиссиясына келіп, Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде тіркелді. Және лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінбей өтті. Мемлекет басшысы өзге үміткерлер секілді үш тапсырманы орындады. «Біздің күшіміз бірлікте» тақырыбында жазба жұмысын жазған Елбасы бір де бір қате жібермеген. Сонымен қатар, Ілияс Есенберлиннің романынан үзінді оқыды. Ал еркін сөйлеуде «Бабалар сөзі - даналық көзі» тақырыбы келген. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, тіл мамандары Президенттің жұмысын ерекше бағалады. 

Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы:

Барлық осы уақытқа дейін сынақтан өткен президентікке кандидаттар секілді Нұрсұлтан Әбішұлы үш сұраққа жауап берді. Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқының алдында, осы мемлект алдында өтпеген сыны жоқ. Осы сыннан да ойдағыдай өтті. Біз тіл маманы ретінде ерекше бағалап отырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген қорытынды жасап отырмыз.

Президенттіктен үміткерлер енді «қол жинау» науқанына кірісті. Іс басындағы президенттен өзге лингвистикалық комиссия сынағынан өткен Коммунистік партия өкілі Тұрғын Сыздықов пен өзін өзі ұсынушы Лимана Қойшиева да қол жинауды бастап кетті. Әрбір үміткер белгіленген уақыт аралығында 93 мың 12 қолдаушының қолын жинауы тиіс.

Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлағандай, президенттіктен үміткер ретінде тағы бір азамат өзін өзі ұсынған. Ол Елордадағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқытушы болып жұмыс істейтін 53 жастағы Мұхамедрахым Құрсабаев.

Айта кетейік, үміткерлерді ұсыну науқаны 15 наурызға дейін жалғасады. Ал оларды кандидат ретінде тіркеу 25 наурызда аяқталуы тиіс. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ