$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Президенттікке үміткерлер саны 22 адамға жетті

AstanaTV
12.03.2015ж. 20:00
2834
Президенттікке үміткерлер саны 22 адамға жетті

Кезектен тыс президент сайлауына түсуге үміткерлер саны 22 адамға жетті. Бүгін тағы 5  адам өзін өзі ұсынған. Ал Ата заң талаптарына сай деп танылған үміткерлер саны әзірге төртеу. Сондай-ақ екі адам лингвистикалық комиссияға сынақ тапсырып, біреуі ғана өтті. Үміткерлердің тілін сындырып, қазақ тілге деген құрметін анықтап жатқан комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков кей үміткерлердің қателерін паш етті. Бірақ Орталық сайлау комиссиясына тапсырылып кеткен жұмыстарды көрсетуге тыйым салынған. Ал Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, бүгін Үкімет қорынан Президент сайлауына 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Айгүл Әдепбай тарқатады.

Бүгін таңертең лингвистикалық комиссия сынына Қанат Тұрагелдиев түсті. Мамандары оған «қазақ тілінде сайрап тұр» деген баға берді. Жазбаша жұмыс бойынша барлығы 7 қате жіберген. Бірақ тақырыпты жақсы ашқанға ұқсайды. Ал мәнерлеп оқудан Фариза Оңғарсынованың өлеңін оқып, үміткер тіпті көзіне жас та алған.

Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия төрағасы:

Шынтуайтына келгенде, Төрегелдиев Қанат Сыбашұлы қазақ  тілінде сайрап тұр. Қолма-қол өлең жазады, қазақ тілінде шығарманың өзін өлеңмен бастапты. 

Айта кетерлігі, Қанат Тұрагелдиев осымен Ата заң талаптарына сай деп танылған төртінші үміткер. Оның сайлаудағы тәжірибесі де жоқ емес. Бұған дейінгі президент сайлауында да бағын сынап, жолы болмаған.

Қанат Тұрагелдиев,  ҚР Президенттігіне үміткер:

Ол кісілердің айтқаны маған - ойыңды нақтылап айт. Мен енді ел басқарып жүрген жоқпын, бірақ елге ақыл айтып жүрмін. Сондай уақытқа кеп қалдық кішкене ақырындап. Мына жерге президенттікке келгенде, оның да мақсаты бар. Ертең келіп, осы жерден әртіс құсап, түсіп кету емес. 

Комиссия кандидаттыққа өзін өзі ұсынған кәсіпкер Бақтияр Естемесовтен емтихан алды. Бірақ оның жолы болмады. Комиссия мүшелері Естемесовтің жұмысын журналистерге көрсетіп, қателерін жариялады. Олардың айтуынша, екі сағатқа жуық отырса да, «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат» тақырыбында келген шығарманы жаза алмаған. Барлығы 50 қате жіберген. Емледен 27, тыныс белгілерден 19 және стильдік 4 қате. Мұқағали Мақатаевтың да өлеңін мәнерлеп оқи алмаған. Сондай-ақ «Тіл тағдыры - ел тағдыры» тақырыбы бойынша да өз ойын толық жеткізе алмапты.

«Казак», ал біз қазақпыз ғой. Ол считает «казак», «жоғарғы», «жоғары» деп  жазамыз ғой. «Өз өзымды» ұсындым, саяси партия мүшесі ме дегенге, «жок» дейді. «Бойдок», хоть смейся, хоть плачь.

Владимир Фоос, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Сегізіне Орталық сайлау комиссиясы рұқсат бермеді. Екі үміткердің жастары сай келмеді. Алтауы лингвистикалық комиссияның емтиханынан өте алмады.  Төртеуі тапсырды. Олар тексерістен өтіп, қол жинау қағаздарын алды.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың айтуынша, бүгін Үкімет отырысы өтіп, онда сайлауға 5 млрд 414 млн теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім қабылданған. Сонымен, президенттікке кандидат болудан үміткерлер саны 22 адамға жетті. Оның екеуі ғана партия атынан, қалғандары өздерін ұсынғандар. Екеуі - әйел. Айта кетерлігі, құжаттар наурыздың 15-не дейін қабылданады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ