$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Астанада спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының жиыны өтті

AstanaTV
12.03.2015ж. 20:00
1527
Астанада спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының жиыны өтті

Футболдан чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан тағы екі ұжым белгілі болды. Олар - «Пари Сен Жермен» және «Бавария» командалары. Лоран Бланның шәкірттері «Челси» клубын айналып өтсе, Германия чемпионы Украинаның «Шахтер» командасын 7-0 есебімен тас-талқан етті. Спорт жаңалықтарын Самат Қанағатов жалғастырады. 

Астанада Тимур Құлыбаевтың төрағалығымен Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мүшелерінің жиналысы өтті. Басқосуға конфедерацияға кіретін бес федерацияның басшылары мен бапкерлер құрамы қатысты. Күн тәртібінде бірқатар мәселелер қаралған. Алдымен, федерациялардың жылдық есебі тыңдалды. Артынан ұлттық құрама командалардың Бразилия астанасы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды.

Тимур Құлыбаев, спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының төрағасы:

Алдымызға қойылған жоспарларды толығымен орындап шықтық. Қазіргі уақытта бокстан Қазақстан құрамасына жағдай жасап, спортшыларды алдын ала Бразилияға жаттығу жиынына жібереміз. Олар сол елдің климатына бейімделе берсін. Сондай-ақ, құраманың өзге спортшыларына да дәл осындай жағдай жасаймыз.

Сондай-ақ, басқосу барысында осы жылдың тамыз айында Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатына әзірлік барысы талқыланды.



Францияда велоспорттан «Париж-Ницца» вело көпкүндігі жалғасуда. Сен-Пурсен және Сент-Аман-Монрон қалаларының арасында өткен үшінші кезеңде «Орика Гринэйж» командасының спортшысы Майкл Мэттьюс жеңіске жетті. 179 шақырымнан тұратын жарыс жолын Австралия велошабандозы 4 сағат 32 минутта бағындырды. Жеңімпазбен бір уақыт көрсеткен «Лямпре-Мерида» клубының өкілі Давид Чимолай екінші орынды иеленсе, үшінші сатыны Италия спортшысы Ниццоло Джакомо еншіледі. Дәрежелі жарыста сынға түсіп жатқан «Астана» командасының спортшылары бұл кезеңді пелотонның ішінде аяқтады. Жалпы есепте Майкл Мэттьюс көш басында. Одан 1 секундқа қалып тұрған Польша спортшысы Михал Квятковски екінші орынға ығысты. Қазақстандық команданың спортшысы Лиус Леон Санчес уақыт көрсеткішін қысқартып, 6-шы сатыға көтерілді. «Астана» командасының қалған спортшылары жалпы есептің көшбасшысына небәрі 34 секунд ұтылып келеді. 

Самат ҚАНАҒАТОВ