$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Мемлекеттік тілді еркін меңгермеген президенттіктен үміткер азамат саяси бәсеке жолынан шығып қалды

AstanaTV
13.03.2015ж. 20:00
1564
Мемлекеттік тілді еркін меңгермеген президенттіктен үміткер азамат саяси бәсеке жолынан шығып қалды

Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат болудан үмітті тағы бір азаматқа қол жинау парақшасын берді. Ал лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінген үміткерді тіркеуден бас тартты. Бүгін комиссия отырысында өзін өзі ұсынушы Қанат Тұрагелдиев Қазақстан Республикасының Ата заңы мен сайлау туралы заңына сәйкес деп танылды. Оған қолдаушылардың қолын жинау парақшасын тапсыру туралы қаулы қабылданды. Ал лингвистикалық комиссияның тіл сынағында 50 қате жіберген Бақтияр Естемесовті саяси тартыстан шеттету туралы шешім қабылданды.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Бақтияр Өксікбайұлы Естемесов ҚР Конституциясына және сайлау туралы заңының талаптарына сәйкес емес деп белгіленсін, Бақтияр Өксікбайұлы Естемесовті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылсын деген ұсыныс енгіземін.

Үміткерлер қатары түстен кейін тағы бір адаммен толықты. «Табиғат» экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тіркетті. Президенттік сайлау науқанынан тәжірибесі бар үміткер осы жолы да бақ сынамақ. Елеусізов экологиялық проблемаларды тағы көтермек. Әзірге лингвистикалық комиссияның сынағына дайындалуда.

Айта кетейік, үміткерлерді ұсыну науқаны 15 наурызға дейін жалғасады. Ал оларды кандидат ретінде тіркеу 25 наурызда аяқталуы тиіс. Қазақстан президентін сайлау 26 сәуірде өтеді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ