$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Қазақстанда жасалған көліктерді жеңілдетілген несие арқылы сатып алу сәуірден бастап жүзеге асырылады

AstanaTV
13.03.2015ж. 20:00
2102
Қазақстанда жасалған көліктерді жеңілдетілген несие арқылы сатып алу сәуірден бастап жүзеге асырылады

Қазақстанда жасалған көліктерді жеңілдетілген несиемен сатып алу бағдарламасы сәуірден бастап іске асады. «Астана» телеарнасының тілшілеріне мұндай жағымды жаңалықты «Азия Авто» компаниясының басшылары айтты. Бұған дейін хабарлағанымыздай, үкімет отандық көлік өндірісін қолдауға қазынадан 20 млрд теңге бөлген. Қарапайым тұрғындар бағдарлама аясында жаңа көліктерді сатып алу үшін, екінші деңгейлі банктер арқылы тұтыну несиесін рәсімдей алады. Қаржыгерлердің пікірінше, банктерде теңгенің жетіспеушілігі және несиенің жоғары пайыздық мөлшерлемесі жұрттың ынтасына тұсау салып келген. «Алайда, енді жағдай оңалады»,- деп санайды қаржы институтының мамандары.

Ержан Мандиев, «Азия Авто Қазақстан» АҚ директоры:

Біздегі мәліметке сүйенсек, несиенің жылдық номиналдық мөлшерлемесі 4 пайызды құрамақ. Қосымша шығындарды, сақтандыруды қосқанда, несиенің тиімді мөлшерлемесі 7,5 пайыз шамасында болуы тиіс. Бағдарламаның шартына сай, көлік бағасы 5- 6 млн теңгеден аспауы керек. Бізде сатылып жатқан темір тұлпарлардың 80-90 пайызы бұл талаптарға сәйкес келеді. Жаңа жоба сәуірден бастап іске асуы тиіс. Біз оны тағатсыздана күтіп отырмыз.

Жеңілдетілген несиенің мақсатты пайдаланылғанын техникалық паспорт арқылы тексеруге болады. Онда автокөлік туралы ақпарат пен оны шығарған зауыттың коды жазылмақ. Мамандардың айтуынша, үкіметтің жаңа жобасының арқасында Ресейден ескі көліктерді әкелу тыйылып, отандық көлік өндірісі қайта жанданбақ. Соңғы мәліметтерге сай, рубль құлдырағалы бері Қазақстанға 25 мыңдай автокөлік әкелінген. Ал компаниялар жаңа көліктердің құнын арзандатуға мәжбүр болды. «Бірақ баға одан әрі түссе, шығынға ұшыраймыз», - дейді көлік өндірісінің өкілдері. 

Анатолий Балушкин, «Бипэк Авто-Азия Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы:

Қазақстандықтар Ресейден арзан көліктерді әлі де сатып алып жатыр. Ал біз бағаны бұдан әрі төмендете алмаймыз. Көрші елде бағаның ақырындап өсіп келе жатқанын айтқым келеді. Меніңше, көлік саласындағы проблемалар жыл аяғына дейін шешілуі тиіс. Ресей және қазақстандық өнімдердің бағасы бірдей болмақ. Байқауымша, қазір батыстағы әріптестеріміз Ресейде демпингке душар болып, үлкен шығынға батып отыр. Ізінше бір-біріне қарап, бағаны бірте-бірте көтеруде. Өйткені мұндай төмен бағаға ешкім шыдас бермейді. 

Абзал ҚҰРМАНКИН