$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Шымкентте жол ережесін бұзған жүргізушілер жұмыстан кетті

AstanaTV
13.03.2015ж. 20:00
1720
Шымкентте жол ережесін бұзған жүргізушілер жұмыстан кетті

Шымкентте жол ережесін бұзған автобус жүргізушілеріне қарсы күрес басталды. Қала ішінде жолаушы тасымалдау кезінде қауіпсіздікті бұзған үш жүргізуші бірден жұмыстан қуылған. Бұл жөнінде Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Сұңғат Түгелбаев мәлімдеді. 

Мына бейнекадрде екі автобустың қарсы бағытқа шығып кеткені анық көрінеді. Олар тіпті бір-біріне жол бермей тұр. 35-ші бағыттағы автобустың жүргізушісі өзінен озбақ болған қоғамдық көлікті жүргізер емес. Жеңіл көліктің бейнетіркегішіне жазылып қалған бұл көріністі қала тұрғыны ғаламторда жариялаған. Өкінішке орай, Шымкент көшелерінде мұндай келеңсіздік күн сайын орын алады.

10 наурызда нөмірі 58-ші автобустың жүргізушісі, жолаушыға бірінші жету үшін, жол ережесін бұзған. Ғаламторды шулатқан осы жүргізушілердің аты-жөндері мен қай компанияға тиесілі екені сол күні-ақ анықталды. Мұндай келеңсіздіктерге тосқауыл қою үшін, қалалық әкімдік қызметкерлері олардың суреттерін де жариялап отыр. 

Сұңғат Түгелбаев, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары:

Әкімшілік құқық бұзу хаттамасы кодексінің 596-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырып, қазіргі таңда әкімшілік сотқа жолдауға дайын. Біз келешек оны әкімшілік сотқа жолдаймыз. Ол азаматтардың жүргізуші куәлігін бір жылға дейін айыруға кететін болады.

Айта кетейік, өткен жылы қала көшелерінде 139 көлік қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның 38-і автобус. Бес бірдей жаяу жүргіншіні қағып өлтірген жағдайдың екеуінде жолаушы тасымалдаған көлік жүргізушілерінің кінәсі бар. Жергілікті шенділер қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзу деректерін тіркеуде азаматтарды көмекке шақырды. Кез келген оқыс жағдайды бейнетаспаға түсіріп алса, арнайы желіге жөнелтуді өтінді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ