$480.61 €534.53 ₽5.28
×

Атыраудың іргесіндегі ауыл тұрғындары белуардан саз кешіп жүр

AstanaTV
13.03.2015ж. 20:00
1331
Атыраудың іргесіндегі ауыл тұрғындары белуардан саз кешіп жүр

Атыраудың іргесінде орналасқан Томарлы-2 ауылының тұрғындары белуардан саз кешіп жүр. Жаңбыр жауған соң, артынша батпақтың ортасында қалатын ауылға жедел жәрдем көлігі де келмейді. Басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар мұндайда тіпті қиналады. Тіпті айы-күні жеткен жүкті әйелдер де ауыл шетіндегі жолға дейін жаяу баруға мәжбүр. 

Парасат Жолдасов, Томарлы-2 ауылының тұрғыны:

Жолдасым жүкті болған кезде, апарып тұрмыз жолға дейін, врач үйден келіп алып кету керек қой. Мысалы, оқыс оқиға болып қалады, құлап қалады, сәби өмірге келмей қалса, кім жауап береді? Құттай балаларға обал, аяқ киім шыдамайды. Жол жоқ.

Зияда Оразбайқызы, Томарлы-2 ауылының тұрғыны:

Балшықтан жүре алмайды. Өзіміздің аяғымыз балшыққа батып жатыр. Тізеден балшық. Ешқандай мүмкіншілік жоқ. Су жоқ. Баклажкамен су тасимыз.

Бұл маңдағы жер телімдері 2011 жылы тұрғындарға кезек бойынша таратылған. Күні бүгінге дейін ауылға 150-200-дей үй салынды. Бірақ инфрақұрылым әлі күнге тартылмаған. Ауылға газ жеткізу жуырда ғана шешімін тапты. Ал жол мен ауыз су мәселесі күрделі күйінде. Қалаға жақын орналасқан ауылда тіпті телефон да жоқ. Шыдамы шегіне жеткен халық бүгін жергілікті әкімдікке жиналды. Бірақ бұл жолы да жағымды жаңалық естімеді. Ауыл әкімі "су әзірге жеткізілмейді, жол құрылысы да қарастырылмаған" деп, қысқа қайырды. 

Шапхат Қалиев, Қайыршақты селолық округінің әкімі:

16 көше, оның бір көшесіне жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр. Қаражат мәселесі шешілсе, бір көше салынады. Қаражат мәселесі қаралмай тұр. Бюджеттен түспей тұрған болып тұр.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ