$480.61 €534.53 ₽5.28
×

«Сарыарқа» командасы кезекті жеңісін тойлады

AstanaTV
13.03.2015ж. 20:00
1222
«Сарыарқа» командасы кезекті жеңісін тойлады

«Братина» кубогы жолында сынға түсіп жатқан «Сарыарқа» командасы тағы да үздік шықты. Ширек финалдың алғашқы кездесуінде Ангарск қаласының «Ермак» клубын қабылдаған Леонид Тамбиевтің шәкірттері 3-2 есебімен жеңіске жетті. Тақырыпты Самат Қанағатов тарқатады.

«Плей-офф» ойындарының 1/8 финалынан сүрінбей өткен «Сарыарқа» командасы ширек финалды жеңіспен бастады. Бұл сында Ресейдің «Ермак» хоккейшілерін қабылдаған қарағандылық клуб жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл ойындағы алғашқы шайбаны айдын иелері сапында Илья Антоновский соқты. Қарымта шабуылға шыққан қонақтар араға 10 минут салып таразы басын теңестірді. «Сарыарқа» командасы шабуылды үдетіп, 3-1 есебімен алға шықты. Алдымен Артур Кузменков есепті еселесе, келесі сәтте әріптесінің пасын голға ұластырған Илья Антоновский дубльдің авторы атанды. Кездесу аяғына қарай «Ермак» хоккейшілері есепті бір шайбаға қысқартқанымен, одан артыққа шамалары келмеді. Бүгін командалар өзара қарымта кездесу өткізеді.



Францияда велоспорттан «Париж-Ницца» велокөпкүндігі жалғасуда. Варен-сюр-Алье және Круа де Шабуре қалаларының арасында өткен төртінші кезеңде «Скай» командасының спортшысы Ричи Порт жеңіске жетті. 204 шақырымнан тұратын жарыс жолын Австралия велошабандозы 5 сағат 18 минутта бағындырды. Жеңімпазбен бір уақыт көрсеткен командаласы Джерейнт Томас екінші орынды иеленсе, үшінші сатыны Польша спортшысы Михал Квятковски еншіледі. Дәрежелі жарыста сынға түсіп жатқан «Астана» командасының спортшылары бұл кезеңді пелотонның ішінде аяқтады. Жалпы есепте Польша спортшысы Михал Квятковски топ басына қайта шықты. Қазақстандық команданың капитаны Фабио Ару көшбасшыға 53 секунд ұтылып, 12-ші орынға тұрақтады.

Самат ҚАНАҒАТОВ