$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Қарағандыда 7 жыл бойы пәтерінің төбесінен су ағып келген соғыс ардагері көмек күтеді

AstanaTV
13.03.2015ж. 20:00
1313
Қарағандыда 7 жыл бойы пәтерінің төбесінен су ағып келген соғыс ардагері көмек күтеді

Қарағандылық соғыс ардагерінің билік өкілдеріне өкпесі қара қазандай. Жалғыз басты кейуана Анна Попованың пәтерінің төбесінен су сорғалап келе жатқанына бақандай 7 жыл. Көршілері бірлесе отырып ақша жинап, көпқабатты үйдің шатырын жөндеуге де келіспейтін көрінеді. Жылдар бойы аудан, қала әкімдіктерінің табалдырығын тоздырған қария, еш нәтиже жоқ деп, шарасыздық танытуда.

Жасы 90-нан асқан Анна Попова Ленин көшесіндегі 7-ші үйде тұрады. Пәтері жоғарғы қабатта болғандықтан, әр көктемді уайыммен қарсы алатынын айтады. Қар еріген сәтте пәтерінің төбесінен сорғалап аққан сумен арпалыс басталады. 7 жылдан бері көрген күні осы. Адам жалдап, төбенің қарын тазалатады, шама шарқынша жөндетіп те алды. Бірақ су тоқтар емес.

Анна Попова, Ұлы Отан соғысының ардагері:

2008 жылдан бері төбеден су ағып келеді. Әкімдіктегі шенеуніктердің ешқайсысы менің жағдайыма алаңдап, қол ұшын созуға құлық танытқан емес. Мен секілді азап тартып жүрген адамдардың мәселесін кім шешеді? Қарттар кімге керек?

Ардагер Құдай қосқан көршілерінің артық ақша шығарғысы келмейтініне де ашынады. Көпқабатты үйдің төбесі әбден ескіріп, шіруге айналған. Алайда мұны көре тұра, бірлесіп жөндеуге ешкім келіспейтін көрінеді.

Татьяна Филатова:

Әдетте 1-ден 4-ші қабатқа дейінгі пәтерлерде тұратындар шатырдың бізге қатысы жоқ деп сылтауратады. Үй ортақ, барлығы бірдей ақша жинауы тиіс қой.

Сөзін өткізе алмай келген соғыс ардагерінің бүгін жолы болды. Анна Попованың жағдайын «Астана» арнасының тілшілерінен естіп-білген қала әкімдігі кейуанаға көмектесетін демеуші іздестірген. 7 жыл бойы бас ауруға айналған мәселенің шешімі жарты сағатта табылды. Қарияның пәтерінің төбесін жергілікті құрылыс фирмасы жөндеп беретін болды.

Төлеген Әшімов, құрылыс фирмасының директоры:

Попованың мәселесін сіздерден бірінші рет естіп тұрмын. Жаңа әкімдіктен хабарласып айтты. Қарағанды қаласының құрылысшылары бірлесіп, бірінші шараларды қолданамыз, су ақпас үшін. 9 майға дейін толық істеп береміз.

Қарағанды қалалық әкімдігінің өкілдері Жеңістің 70 жылдығына орай өңірдегі соғыс ардагерлері түгелдей жіті назарға алынғанын айтып отыр. Ал Анна Попова: «Атқарушы билік, аға буын өкілдерін тек жылына бір келетін мерекеде ғана еске алмай, үнемі хал аухуалымызды біліп тұрса», - дейді.

Айжан ҚУАШ