$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Апелляциялық сот Атырау облысының бұрынғы әкімінің ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды

AstanaTV
17.03.2015ж. 20:00
1480
Апелляциялық сот Атырау облысының бұрынғы әкімінің ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты іс бүгін апелляциялық сотта қаралды. Судья қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. 

Жайдарбек Диаров, Атырау облыстық соты апелляциялық сот алқасының судьясы:

2014 жылдың 14 қарашасындағы Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотының үкімі өзгеріссіз қалсын. Үкім оқылған уақытынан бастап заңды күшіне енеді. Апелляциялық сот үкіміне қанағаттанбағандар алты ай ішінде кассациялық талап-арыз беруге құқылы.

Судья үмітпен келген 13 сотталушының тағдырына қатысты сот үкімін бас-аяғы 5 минутта оқып берді. Өткен жылдың қарашасында шыққан үкім сотталушыларды қолдап келген туыстарына да ауыр тиді. Олар көздеріне жас алып, темір тордың ар жағындағы туғандарымен көрісіп қалып жатты. Ашуын игере алмағандары, әділ шешім шығармады деп, шуласты. Дегенмен, жоғары инстанцияларға әлі де шағымданбақ. 

Болат Дәукенов, сотталушы:

Заң бойынша көп өзгерістер болуы керек еді. Біздер болмасақ, басқа жігіттер бар, кінәлі емес жігіттер бар. Енді оны қараған жоқ қой. 1 жыл не үшін ұстады осы жерде? Осыны айту үшін бе? Сол себепті алда кассация бар, жазамыз.

Айта кетейік, өңірдің бұрынғы басшысы Бергей Рысқалиевтың жетекшілігімен лауазымын асыра пайдаланып, мемлекеттің 42 млрд теңгесін жымқырғаны үшін айыпталған 22 адамның он бесі бас бостандығынан айырылған болатын. Ең ұзақ мерзімді облыс әкімінің бұрынғы қос орынбасары алды: Болат Дәукенов - 15 жыл, ал Асқар Әбдіров 12 жыл арқалады. Сот екеуінің де дүние мүлкін тәркілеп, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарған еді.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ