$479.05 €534.57 ₽5.17
×

Еріктілер ардагерлерге қолқабыс етуде

AstanaTV
17.03.2015ж. 20:00
2886
Еріктілер ардагерлерге қолқабыс етуде

Шымкентте Жеңістің 70 жылдығына орай, студент-жастар бірікті. Жоғары оқу орындарының бірінің студенттерінен құралған жастар соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, шаруасына қолқабыс жасауды өздеріне парыз тұтты. Еріктілер жасағы «Әуезовшілер» деген атпен құрылған. Олардың жәрдеміне әріптесім Айзада Төребекқызы да үлес қосып қайтты.

Соғыс ардагері Алтыбай ақсақал жастарға атқаратын шаруаны бөліп берді. «Жас келсе - іске» деген. Студенттердің келгеніне майдангер қуанып қалды. Ауласын шөп басып кеткен. Ал бау-бақша қурай бастапты. Жігерлі жастардың бір тобы жер аударуға кірісіп кетті. Ер балалар аула жұмыстарын жапырып жатқанда, қыздар үй ішін жинастыруда. Қарт жауынгердің құдай қосқан қосағы 85 жастағы Айша апаның да бүгін қолы ұзарып қалды.

Айзада  Төребекқызы, тілші:

Соғыс ардагерлерінің үй шаруасына көмектесуден мен де шет қалғым келмеді. Қыздар қазір үй жинап жатыр. Ал мен есік сүртуді өз міндетіме алдым.

Жұмысқа қыза кіріскен жастарға Алтыбай қария өмірден жинаған тәжірбиесі туралы баяндады. Өз өмірбаянын да айтып берді. Соғысқа 1942 жылы 17 жасында аттанған. Сол жылы күзде Мәскеу түбіндегі майданға араласқан. «Зеңбіректі басқарып, кейіннен командир болдым», - дейді. Елге келгесін де белді қызметтер атқарыпты. Тіпті кезінде өзі де «тимуршылар» жасағына мүше болғанын мақтана еске алды.

Алтыбай Бабаев, Ұлы Отан соғысы ардагері:

Бастамаларың өте жақсы. Ал енді «тимур» деген команданы еске алып жасағандарың құтты болсын. Бұл өте бір жақсы тірлік. Бұны енді көбейту керек. Жастар, мектептің балаларын да осыған қосу керек. Бұл өте үлкен бір тәрбие беретін тірлік.

Үлкен үйде оңаша тұрып жатқан қос қарияның үйінде атқаратын тірлік аз емес екен. Тіпті еріктілердің бір тобы ауладағы қоршауды әктеп те берді.

Қанат Қамбаров, «Әуезовшілер» жасағының мүшесі:

Жасақтың негізгі мақсаты - жастардың патриоттық, жастардың үлкенге деген құрметі, ізгі тілектерін осындай істер арқылы дәріптеу. Осындай жұмыстар арқылы жастарға тәрбие береді деген ойдамыз. Сол мақсатта жұмыс жасалып жатыр.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан құрылған «Әуезовшілер» ерікті жасағында екі жүз мүше бар. Олар бүгінгі бастаманы жалғастырмақ. Алғашқы кезекте жүзге жуық мұқтаж майдангер тізімге алынған.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ