$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Сатып алуда отандық тауар өндірушілердің үлесі артып отыр

AstanaTV
18.03.2015ж. 20:00
1037
Сатып алуда отандық тауар өндірушілердің үлесі артып отыр

«Самұрық-Қазына» қорының сатып алу бағдарламасында отандық тауар өндірушілер үлесі 75 пайызды құрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Самұрық-Қазына-Контракт» серіктестігінің бас директоры Серікбек Елшібеков мәлімдеді. Өткен жылғы сатып алудың жалпы сомасы 3 трлн 870 млрд теңгені құраған. Яғни бұл көрсеткіштің 75 пайызы отындық тауар өндірушілерге тиесілі.

Бүгінде сатып алу үрдісін барынша ашық өткізіп, сондай-ақ ондағы отандық тауар өндірушілер үлес салмағын арттыру үшін, тыңғылықты жұмыстар атқарылып жатқанға ұқсайды. Дегенмен, Серікбек Елшібековтің айтуынша, сатып алу бойынша «Самұрық-Қазына» қорында үнемдеу де жоқ емес, қысқарту 10 пайызға дейін болуы мүмкін. Айта кетерлігі, қазақстандық бизнеске демеу ретінде тендерлер алдымен отандық тауар өндірушілер арасында жүргізіледі.

Серікбек Елшібеков, «Самұрық-Қазына-Контракт» ЖШС бас директоры:

Отандық тауар өндірушілердің үлесінің 75 пайызға артуының бірден-бір себебі - тендер алдымен отандық тауар өндірушілер арасында жүргізіледі. Бұл міндетті талап. Яғни өзіміздің арамызда өтпейінше, тендерге бір де бір шетелдік компания жіберілмейді. Ал шығынды қысқарту бойынша айтсам, компанияда бір де бір қызметкердің жалақысы кесілмейді. Шығындар мерекелік шаралар мен демеушілік сынды бірқатар бағыттар бойынша қысқарды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ