Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

2015 жыл - Еуразиялық экономикалық одақ үшін сын мен тәуекел жылы

AstanaTV
20.03.2015ж. 20:00
1242
2015 жыл - Еуразиялық экономикалық одақ үшін сын мен тәуекел жылы

2015 жыл - Еуразиялық экономикалық одақ үшін сын мен тәуекел жылы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының Астанада өткен кездесуі нәтижесінде осыны айтты. Бүгін Қазақстан, Ресей, және Беларусь президенттері бірқатар екі жақты және кеңейтілген кездесулер өткізді. Экономикалық одақ шеберінде экспорт көлемін арттыру, интеграциялық қарым-қатынастарды кеңейту туралы сөз болды, тіпті жаңа перспективалар, мәселен,  валюталық одақ туралы да айтылды. Үш ел басшысы нендей нәтижемен тарқасқаны туралы Азамат Алдоңғаров баяндайды.

Үш мемлекет басшысының Астанадағы кездесуін лидерлердің өздері «достық-бейресми» жиын деп атады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен өткен кездесу - әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Еуразиялық одақ ішіндегі проблемаларды біріге шешудің әрекеті. Мемлекет басшылары бүгінгі күрделі экономикалық ахуал жағдайында әңгіменің ашығын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

2015 год - большой риск, вызов для ЕАЭС. Но это мы будем обсуждать с участием других членов, обсудим торговлю между нашими странами и что мы будем делать в этом году.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

Біз қазіргі бар проблемаларды жасырған жоқпыз. Оны жасыру ақылға қонымсыз болар еді. Өйткені біздің бүгінгі кездесуімізге солар негіз болды. Мәселен, экономикалық проблемалар. Осы жерде қазір ғана айтылып кетті, өткен жылы да, биыл да тауар айнылымы 15-16 пайызға дейін төмендеп кетті.

Одақ аясында соңғы бірнеше айда кеміген тауар айналымын қалпына келтіру - кездесу күн тәртібінің аса маңызды тұсы. Бұл проблеманы шешу жолдарын тек мемлекет басшылары ғана емес, жауапты министрлер үкіметаралық кездесулерде талқылады. Әр президент өз үкіметіне нақты тапсырмалар беріп, келесі кездесуде нақты ұсыныстар күтеді. Тапсырмалардың бір қырын Ресей басшысы айтып қалды.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

Серіктестерімізбен монетарлық саясатты жалғастырамыз деп келістік. Келешекте қаржы одағын құратын уақыт келеді деген ойдамыз.

Демек, үкіметтердің осы жылы тындыруы тиіс шаруалары жетерлік. Болашақта одақ аясында ортақ энергетикалық кеңістіктен бөлек, бірыңғай қаржылық жүйе құрылуы мүмкін. Сөз арасында Владимир Путин Ресей үкіметіне қаржы секторын қалпына келтіруге 1 трлн рубль бөліп, нақты тапсырмалар жүктегенін айтты.

Үстіміздегі жылы 100-ден астам маңызды құжат қабылданады деген жоспар бар. Оның ішінде кеден кодексі де қаралады. Сонымен қатар электр энергиясының ортақ нарығының тұжырымдамасын құру, газ, мұнай және мұнай өнімдерінің, валюта-қаржылық, және әлеуметтік-экономикалық салаларды реттейтін халықаралық келісімдер қаралады.

Үшінші мемлекеттер арқылы Ресей импортына тыйым салған өнімдердің реэкспорты тағы бір өзекті тақырып. Бұған дейін Ресей мен Беларусь арасында түсініспеушіліктер болған-ды. Бүгінгі кездесу қорытындысы бойынша, Беларусь басшысының сөзіне қарағанда, бұл мәселенің нүктесі қойылған сынды.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:

Шешетін күрделі сұрақтар бар. Бірақ ішкі тауар айналымын өсіру үшін, қолданылатын қарапайым формула бар. Ол үшін өзіміздің тауарлармен сауда жүргізу керек. Біз осы тақырыпты талқыладық. Мен қазір сөз болған формулалар туралы айтпай-ақ қояйын. Дегенмен біз мына нәрсені анық түсініп отырмыз. Еуразиялық экономикалық одақта тауар айналымы өссін десек, өзіміздің тауарлармен сауда-саттық жүргізу керек.

Украинаның оңтүстік-шығысындағы мәселе де үш жақты кездесудің күн тәртібінен тыс қалмады. Ресей басшысы Минск келісімдері қарулы қақтығыстың оң шешілуіне үміт берді деп, Киев билігін осы бағытта ақылды саясат жүргізуге үндеді. Ал Қазақстан бұрынғыша Украинаның тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл сұрақ бойынша әр елдің көзқарасы белгілі. Украинадағы жағдайдан дипломатиялық жолмен шығу керек. Бұл мәселенің әскери шешімі жоқ. Ең бастысы - қабылданатын кез келген шешімнің халықаралық құқықтың түбегейлі принциптеріне негізделуі тиіс. Біз үшін Украинаның тұрақты, тәуелсіз және территориалдық тұрғыдан біртұтас ел болып қалуы маңызды. 

Алайда, кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан тарапы аса үміттенген өнімдердің баға тепе-теңдігін реттеу мәселесі жөнінде ештеңе айтылмады. Ал көтерілген мәселелер бойынша үш ел үкіметі бірнеше рет кездесіп, тығыз жұмыс атқаруы тиіс. Оның нәтижесін президенттер жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты жиыннан бір күн бұрын, 8 мамырда, Мәскеуде талқыламақ.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ