$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Қызылорда облысы жаңа формацияның мұғалімдерін даярлап жатыр

AstanaTV
19.03.2015ж. 20:00
1353
Қызылорда облысы жаңа формацияның мұғалімдерін даярлап жатыр

Мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп, бөлінген сағатты ғана өтеп шығатын мұғалім енді жұмыссыз қалуы мүмкін. Уақыт талабы өзгерді. Лидер бола алатын, жаңа формациядағы мұғалімге сұраныс артты. Осыған орай «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының педагогикалық шеберлік орталығы арнайы бағдарлама дайындады. «Мазмұнын жаңарту жағдайында білім беру ортасының трасформациясы» атты Қызылордада өткен семинар-кеңесте жоба ұстаздарға таныстырылды.

Республикалық семинардың алғашқы күні қызылордалық ұстаздар партаға отырды. Олар «Назарбаев зияткерлік мектептері» дайындаған арнайы бағдарлама негізінде дәріс өтті. Жоба авторлары ұстазды креативті ойлауға, жан-жақты дамуға, заманауи жүйені тиімді пайдалануға баулуды көздейді.

Әйгерім Ысқақова, Жалағаш кенті № 123 орта мектебінің мұғалімі:

Алған әсерім өте зор. Жаңа қырынан, жаңа идеялар, жаңа әдіс-тәсілдер, жаңа технологиялармен танысып, осы педагогикалық шеберлік орталықтардың тренерлері дайындаған әр-түрлі коучингтар, тренингтердің куәсі болып отырмыз. Осы жерде алған барлық ақпараттарды жеткізетін боламыз.

Педагогтардың біліктілігін арттыру деңгейлік бағдарламасын арнайы педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің мамандарымен бірлесе әзірлепті.

Бақты Балғынбаева, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ білім беру сапасын бағалау департаментінің директоры:

Мұғалімдер өз сыныптарында жаңа тәсілдерді қолдана отырып, жаңа технологияларды енгізіп, әрбір оқушының әрекетін жасау керек. Әрбір оқушыға бір арнайы бағдарлама жасап отыру керек. Жеті модульге сүйеніп жасалған бағдарлама қазіргі заманда өте қажетті, өте тиімді, өте қызықты.

«Назарбаев зияткерлік мектептері» басқарма төрайымы Күләш Шамшидинованың пайымынша, бүгінгі қолданыстағы стандарттарға қатып қалмай, білім беру шекараларын кеңейту қажет. «Өйткені ол заман талабы», - деді.

Күләш Шамшидинова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы:

Бүгінгі мұғалімнің методикасы мен технологиясы қазіргі қолданыстағы стандартқа байланысты дамып отыр. Яғни біздікі білімге бағытталған стандартқа дайындалып отыр. Ал енді бізге баланы жетелейтін, баланың шығармашылығын дамытатын ұстаз керек. Міне осы жағынан жалпы қазір мұғалімді дайындауға біз көп көңіл бөлуіміз керек.

Соңғы жылдары үш деңгейлі бағдарлама курстарын облыстың мыңнан астам мұғалімі табысты аяқтады. Есесіне олардың айлықтары 30 пайызға өскен.

Шарипа САҚТАПОВА