$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Оңтүстік Қазақстанда жер дауы өршіп тұр

AstanaTV
25.03.2015ж. 20:00
1462
Оңтүстік Қазақстанда жер дауы өршіп тұр

Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам ауданында жиырма үш отбасының жер телімі аудандық соттың шешімімен мемлекетке қайтарылып жатыр. Қарабұлақ ауылының тұрғындары ол аумақта баспана тұрғызып қана қоймай, ауыз су, электр қуаты жүйесі мәселелерін де шешіп үлгерген. Енді еңбектерінің зая кеткеніне налиды.

Неймат Шадиев:

2009 жылдан бері салық төлейміз. Салықты төлеп келеміз. Госприемкадан осы үйлердің барлығы өткен. Мемлекеттік қабылдаудағылар сонда қайда қарады? Не үшін өткізеді мемлекеттік қабылдаудан? Оценочный стоимость қойылған осыған. Барлығы түгел бізде.

Ашынған халық тым болмаса, құрылыс басталмай тұрып, ескерту жасалғанда, мұнша шығындалмас едік деп, жыларман күйге түсті. Қарабұлақ тұрғындарының айтуынша, жер телімдері 2011 жылы кезек бойынша берілген. 23 отбасының тоғызы тұрғын үй көтерген. Біразы қоныстанып та үлгерді. Ал сот шешіміне сүйенген құзырлы орган өкілдері халықтан жерді босатуды талап етіп отыр. Айтуларынша, бұл жерлер тұрғын үй салуға арналмаған. 3 гектар жер әу баста ауыл шаруашылық мақсатқа жатқызылған. Меншік иесі қайтыс болғандықтан, мемлекетке қайтарылған жерді марқұмның ұлы мен сол кездегі ауыл әкімі және оның қызметкері азаматтарға заңсыз беріп жібергені анықталды, дейді прокурор.

Суһраб Қахаров, Сайрам ауданы прокурорының көмекшісі:

Сайрам аудандық прокуратурасымен қылмыстық істер қозғалған. Қылмыстық істер соттың 14.08.2014 жылғы үкімімен Қарабұлақ ауылының тұрғыны және де Қарабұлақ ауыл округі әкімі аппаратының қызметкері мен әкімі сотталып, 11 қараша 2014 жылы апелляциялық түрде апелляциялық сотта қаралып, облыстық соттың қаулысымен аталған үкім заңды күшіне енген.

Құзырлы органның мәліметінше, ауыл әкіміне 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Сондай-ақ ол бес жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды. Заңгердің бас бостандығы 1 жылға шектелген. Бірақ рақымшылыққа ілінген олардың жазалары жеңілдеген. Ал, тұрғындардың жері мемлекетке қайтарылған күнде оларға өтемақы төлене ме, жоқ па - әзірге белгісіз. Прокуратура өкілдері азаматтардың сотқа жүгінуден өзге шарасы жоқ деп санайды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ