$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Франциядағы ұшақ апатынан қаза болған азамат Ербол Иманқұловты әріптестері еске алды

AstanaTV
26.03.2015ж. 20:00
1268
Франциядағы ұшақ апатынан қаза болған азамат Ербол Иманқұловты әріптестері еске алды

Франциядағы әуе апатынан қаза болған отандастарымыздың бірі Ербол Иманқұлов Қарағандыдағы «Тау-Кен Темір» металлургиялық кремний зауытының директоры болған. Марқұмға арнап әріптестері естелік кітапшасын ашты. Келушілер онда көңіл айту жазбаларын қалдырады. 50 жастағы Ербол Иманқұловтың бұл қызметке тағайындалғанына бір жыл ғана болған. «Осы аралықта өндірісті көтеруге ерен еңбек сіңірді», - деп еске алды әріптестері.

Өскемендік азамат отбасын туған қаласында қалдырып, Қарағандыда пәтер жалдап тұрған. Қызметтестерінің айтуынша, жауапкершілігі биік жан ұшаққа отырғанға дейін телефон арқылы өндірістің жайын сұрастырумен болыпты. Ербол Иманқұлов Еуропаға зайыбы Айжан Есенғалиева мен 26 жастағы ұлы Әділ Иманқұловпен бірге демалуға ұшып бара жатқанда көз жұмды. Марқұмдардың артында 13 жасар Дана есімді қызы қалған.

Саят Адыханов, « Тау-Кен Темір» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары:

Бір күн бұрын байланысқа шыққанбыз. Ертеңінде интернетке хабар шықты, байланысқа да шықпай кеткен соң сездік. Өте қайғылы жағдай, орны толмас. Өте жақсы басшы, білімді азамат, адамгершілігі мол, адал, беделді адам.

Өскеменде Айжан Есенғалиеваның жұмыс орнына, оның әріптестері мен көзін көргендер гүл шоқтарын әкелді. Ол «Қазмырыш» компаниясына қарасты спорт кешені директорының орынбасары қызметін атқарған. Аталған компания апатқа ұшырап қаза болған отбасына көмек көрсетуді мойнына алып отыр.

Юрий Гусев, «Қазмырыш» ЖШС бас директоры:

Мен бұл отбасын жақсы білетінмін. Жанұяларымызбен бірге демалатынбыз. Жайдары адамдар болатын. Ербол әрдайым әзілдеп жүретін еді. Домбырада да ойнады. Әлі күнге дейін сене алар емеспіз.

Айжан ҚУАШ