$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Түркияда «Адымлар» журналының редакциясындағы жарылыстан бір адам қаза тапты

AstanaTV
26.03.2015ж. 20:00
916
Түркияда «Адымлар» журналының редакциясындағы жарылыстан бір адам қаза тапты

Түркияның Ыстамбұл қаласында тағы да жарылыс. Кеше кешкісін «Кагытхане» ықшам ауданында орналасқан «Адымлар» журналының редакциясындағы жарылыстан бір адам қаза тауып, үшеуі ауыр жарақат алды. Оқиға орнында болған Ыстамбұлдағы әріптесім Самат Сүлейдің репортажы.

Ыстамбұл қаласының антитеррорлық департаментінің мәліметінше, оқыс оқиға жергілікті уақытпен 19:30 шамасында  биік ғимараттың үшінші қабатында орын алған.  Жарылыс салдарынан ғимараттың қабырғасы құлап, айналасындағы үйлердің де есік-терезелеріне зақым келген.

Ақшам кезіндегі жарылыстан үрейі ұшқан тұрғындар баспаналарына кірмей, таңға дейін далада жүрді. «Осы аралықта төтенше оқиға орнына жеткен түрлі сала мамандары айналаны тегіс шолып шықты», - дейді жергілікті тұрғындар.

Бұл жердегі халықтың ешкіммен дұшпандығы жоқ. Біреуден күдіктенетіндей. Су жаңа үйіміздің ортасы ойылып түсті. Біздің не жазығымыз бар. Қорқынышымыз әлі басылған жоқ, себебі тағы қайталана ма деп.

Терроризмге қарсы күрес департаменті мамандарының айтуынша, редакцияда қолдан жасалған жарылғыш құрылғы жарылған. Бұл алдын ала әзірленген террорлық ұйымның әрекеті болуы мүмкін деп жорамал бар. Жарылыстан басылымның бір тілшісі қаза тапты. Ал бас редакторы және екі қызметкері ауыр жарақат алған. Куәгерлер жарылыстың өте қатты болғанын айтады.

Жарылыс кезінде біз редакцияға қарсы тұрған ғимараттың алтыншы қабатында едік. Сол жердің өзінде үйдің қабырғасы дірілдеп, кейбір қабаттардағы баспалдақ үгітілді.

Редакциядағы жарылыстың себебін анықтап, түрлі сауалдарға жауап іздеген жергілікті басылымдардың мәліметінше, «Адымлар» журналы соңғы бір нөмірлерінде террорлық ұйым ретінде танылған «Күрдістан жұмысшы партиясын» сынға алған. Полиция осы бейресми жорамалды да қарастыруы мүмкін. 

Самат СҮЛЕЙ