Орталық
сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 153 байқаушысын
аккредиттеді. Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен ТМД байқаушылары
миссиясынан 144 адам, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясынан 5 адам және шет
мемлекеттерден 4 адам тіркеуден өтті.
«Осылайша бүгінде
аккредиттелген шетелдік байқаушылардың жалпы саны 236 адамға жетіп отыр», - деді комиссия
мүшесі Татьяна Охлопкова. Жалпы шетелдік байқаушыларды тіркеу 20 сәуірге дейін
жалғасады. Охлопкованың айтуынша, 19 мемлекеттен келетін бұқаралық ақпарат құралдарының 98 өкілі де
кезектен тыс президенттік сайлауда байқаушы болуға ниет білдірді. Сондай-ақ, ол
отандық байқаушылардың да құқықтарын түсіндірді.
Татьяна
Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының
мүшесі:
Отандық
байқаушылардың да сайлауға бақылау жүргізуге құқықтары бар. Олар - саяси
партиялардың, қоғамдық ұйымдардың, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарының
өкілдері де сайлауға байқау жүргізе алады. БАҚ өкілдерінің қызметтік куәлігі
мен редакция тапсырмасы болса, жеткілікті.
Ал
ТМД байқаушылары миссиясының штабы бүгіннен бастап өз жұмысына кірісті. Бұл
туралы штаб жетекшісі Евгений
Слобода мәлімдеді. Ол штаб өкілдері
республиканың барлық аймақтарына аттанатынын хабарлады.
Евгений
Слобода, ТМД байқаушылары миссиясы штабының жетекшісі:
Кезектен тыс президент сайлауын
бақылау үшін, ТМД елдері түгел қатысады деп жоспарлап отырмыз. Біз үгіт-насихат
жұмыстарын бақылап, кандидаттардың штаб жетекшілерімен жеке кездеспекпіз. Сондай-ақ, прокуратура органдары, сот және Ішкі
істер министрлігімен тығыз байланыс орнатамыз. Жалпы ТМД байқаушыларының саны
300 адамнан асады деп отырмыз. Миссияның
негізгі міндеті - демократиялық сайлауды өткізуге жәрдемдесу және біз
халықаралық байқаудың жалпыға танымал нормалары шеңберінде жұмыс істеуге
ниеттіміз.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА