$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Қарағанды шахталары жабылуы мүмкін

AstanaTV
01.04.2015ж. 20:00
1865
Қарағанды шахталары жабылуы мүмкін

«Арселор Миттал теміртау» және «Көмір» апаттан құтқару қызметі өзара дауды жуық арада шешпесе, Қарағанды шахталары жабылуы мүмкін. Кеншілердің өміріне қауіп төнсе, мемлекеттік органдар шахталардағы жұмысты тоқтату қадамына баруға толық құқылы.  Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма өкілі бүгін арнамызға осыны мәлімдеді.

Еске салсақ, өңірде кеншілерді қорғау, апатты жағдайда құтқару мәселесі әлі күнге шешілмей отыр. 20 күннен бері шахтерлар жер астында еш бақылаусыз еңбек етуде. Себебі «Көмір» әскерилендірілген апаттан құтқару мекемесінің өкілдері мен «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы қызмет туралы келісімшарт бағасына келісе алмай отыр. Кен орындарындағы оқыс оқиғаларда жұмыскерлерге көмекке келетін 500-ге жуық құтқарушыға алпауыт кәсіпорын былтырғыдан екі есе аз ақы төлемек. Алайда, «Көмір» қызметі ол талаппен келіспей отыр.

Еңбек инспекциясы кеншілер кәсіподағы шағымданбағандықтан, қаржы дауына әзір араласпағандарын айтады. Тек, дау ұзаққа созылса, шахталар жабылатынын ескертті. Сондықтан тараптарға мәселені тезірек шешуге кеңес береді.

Қанатбек Балсариев, Қарағанды облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім жетекшісі:

Апатты жағдайдың алдын алу іс -шараларын жүргізу - бұл жұмыс берушінің міндеті. Ол өзінің қаржысына жүргізілетін іс-шаралар. Егер ондай құтқару қызметінсіз қалған жағдайда, жұмысын тоқтатуы керек.

Алайда, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мәселені шешуге тырысып жатқандарын ғана мәлімдеді. Компания ресми өкілінің хабарлауынша, келісімшартта қаржы көлемін белгілеуде екі жақ ортақ мәмлеге әлі келе алмай отыр.

Зухра Сұлтанова, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ ресми өкілі:

Қазір бұл мәселе қарастырылуда. Келіссөз жүріп жатыр. Мәселе келісімшарттың құнына қатысты туындады.

Айжан ҚУАШ