$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Түркия 8 сағат жарықсыз қалды

AstanaTV
01.04.2015ж. 20:00
1800
Түркия 8 сағат жарықсыз қалды

Түркиядағы энергетикалық апатқа не себеп болғаны әлі белгісіз. Ресми орындар ешқандай ақпарат берер емес. Кеше елдің басым бөлігінде электр энергиясы жоғалды. Электр қуаты бір мезетте ажырап, қалаларда көлік жүйесі бұзылды. Кәсіпорындар тоқтап, үйлерде жаппай жарық сөнді. Апатқа не себеп? Ресми түсініктеме әлі айтылған жоқ. Тілшіміз Самат Сүлей жалғастырады.

Жергілікті уақытпен таңғы 10 жарым шамасында Анкара, Ыстамбұл, Измир секілді үлкенді-кішілі 80-ге жуық қала ойламаған жерден жарықсыз қалды. Әп-сәтте орын алған жайт әсіресе жер астындағы жолаушылар мен жеделсаты ішінде қалған тұрғындардың зәресін алған.

Кеншілер, жоғарыдан жеткен дабылдан соң, құралдарын тастап сыртқа шыққандарын айтады. Басшылық механикалық генератордың күші көпке жетпейтінін ескертіп, қазба жұмыстарын тоқтатқан.

Бұл Түркияның Измир қаласы. Бір топ жолаушы көпірге көтерілетін жеделсатыда 1 сағаттай қамалып тұрды. Құтқарушылар келгесін ғана сыртқа шықты.

Қарттардың жанына ілесіп лифтіге міне қойған едім, бір сағаттай ішінде тұрдық. Күзетшілер электр қуаты жоқтығын, сондықтан көп қимылдамауды ескертті.

Түркия қалаларында электр энергиясынсыз қалған жұрт 8 сағат бойы жылусыз, сусыз, газсыз, тіпті байланыссыз қалды.  Метро мен трамвай да келген жерінде тұралап қалған. Жолда қалған жолаушыларды үрей мен ашу биледі.

Бұл не сұмдық. Алдын ала ескерту немесе әзірлік болмады. Қаншама сағат жолымыздан қалып, күні бойы жер астында жүрміз. Неге проблеманы шешіп, тығырықтан шығудың жолын қарастырмаған?

Сегіз сағат бойы жанбаған жарық кәсіпкерлерді де тығырыққа тіреді. Мехмет Синан тонналап теңізден келген балықты сақтайтын жер таба алмай әлек болды.

Мехмет Синан, кәсіпкер:

Мына балықтарымды түнде ғана алдырған едім. Сағат түгілі минуттан артық ауасыз суда сақтай алмайсың. Қолымда бар механикалық генератордың мүмкіндігі бәріне жетпейді. Қаншама шығын әрі ысырап болды.

Танер Иылдыз, Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі:

Апаттың неден болғанын арнайы құрылған комиссия  анықтауда. Бұрын-соңды дәл бұндай жағдай болмаған. Сондықтан мынау деп басып айту қиын. Дегенмен, бұл қолдан жасалған кибер қылмыскерлердің немесе террорлық ұйымның әрекеті де болуы мүмкін.

Осылайша, Түркияның 79 қаласының тұрғындары 8 сағат жарықсыз отырды. Абдыраған жұрт себебін білгісі келеді. Әзірге тек жорамалдар басым. 

Самат СҮЛЕЙ