$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Қарағанды облысында су алған ауылдар жіті бақылауда

AstanaTV
02.04.2015ж. 20:00
1367
Қарағанды облысында су алған ауылдар жіті бақылауда

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков тасқыннан зардап шеккен елді мекендерді аралап, тұрғындардың жағдайымен танысты. Мал-мүліктерінен айырылған ауыл халқы, құтқару шараларының дер кезінде жүргізілмегенін айтып, аймақ басшысына шағымданды. 

Тасқын судан келген залал әсіресе Қарақаралы ауданындағы Тоқтар Әубәкіров ауылында орасан. Мұнда 65 үйді су басты, үйлер қирап, дүние-мүлік жарамсыз болып қалған. Техника жетіспегендіктен, құтқарушылар баспаналарды қорғап қала алмағандарын айтады. Жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметтері селге тосқауыл боларлық бөгеттерді тұрғызып болды. Облыс әкімі қауіп осымен сейілгенін жеткізді.

Қарағанды облысында соңғы бір аптаның ішінде Ұлытау, Шет, Жаңаарқа, Қарқаралы аудандарының 15 елді мекенін су басқан. Салдарынан жүздеген үй бүлініп, 800 астам адам құтқарылды. Үш жүздей мал қырылып қалды. Қазіргі таңда аман қалған малға жем-шөп жеткізілуде. Апат шығыны есептеліп, мемлекет қаржысынан төленетін болды.

Нұрмұхамбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі:

Атқарушы орындар осы жағдайды ұстап қалу үшін, бүкіл күшін салды. Жұмыс істеді. Су бұрын болмаған, арнасын тауып, кіріп жатыр екен. Біз оны тоқтаттық.

Андрей Ляпунов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, облыстағы су тасқынына қарсы штаб төрағасы:

Еңбек күші мен техниканың жетіспеуі - біз көмек беруден қашты деген сөз емес. Көмекке мұқтаж ауылдардың көптігінен. Техниканы біреуінен келесісіне дер кезінде апару қиын болды. Біресе сел болып ағып, біресе қатып қалған суды сорғызу қиын. Мұзды ойып, суды жыруға тура келді.

Айжан ҚУАШ