$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Өскеменде қазақтың көне ұлттық музыкалық аспаптары алғаш рет көрмеге қойылды

AstanaTV
05.02.2016ж. 20:00
6150
Өскеменде қазақтың көне ұлттық музыкалық аспаптары алғаш рет көрмеге қойылды

Өскемендегі өнер музейіндегі көрмеге алғаш рет қазақтың көне ұлттық аспаптары қойылды. Көрмеге келгендер бұл аспаптарды қолдарына алып, ойнап та көрді. Есте жоқ ескі заманның тілсіз куәсіне айналған бұл жәдігерлердің дені Шығыс Қазақстан облысындағы көне қорымдарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған.

«Жер жаңғырығы» деп аталатын көрмеге қобыз бен домбырадан бөлек, саз балшық пен қамыстан жасалған, көпшілікке бейтаныс музыкалық аспаптар қойылды. Бұған таң-тамаша болған көрмеге келушілер жұмбақ аспаптың қалай қолданылатынын алдымен бейнероликтен қарады. Кейін шертіп те көрді.

Татьяна Перцева:

Егер мен бұл аспапты музейден басқа жерде көрсем, онда мұны балалардың ойыншығы әлде желпуіш деп ойлар ем. Өйткені бұл музыкалық аспапқа мүлдем ұқсамайды.

Ал нарқамыстан жасалған сыбызғының сырын ашу әркімнің қолынан келмеді. Ұлы дала төсінде асыр салған самал желді еске салар сазсырнай да - өскемендіктер үшін бейтаныс аспап. Бұл бұйымның саз балшықтан жасалғанын естіген олар, ерте замандағы шеберлер өнеріне тәнті болғандарын жасырмады.

Мадина Черубаева: 

Мұндағы көңілің қалаған аспапты қолмен ұстап, тіпті ойнап көруге болады. Әр аспап өзінше ерекше. Күнделікті өмірде кездеспейтін бұл жәдігерлерді бүгінде оркестрден әлде көгілдір экраннан ғана көресіз.

Тек Шығыс Қазақстан облысында ғана кеңінен тараған мына үш ішекті домбыраның орны ерек. Ұлы Абай мен оның немересі де осы домбыраның құлағында ойнаған деседі.

Шынар Еңсебаева, экскурсовод:

Тарихы 6 мың жылдан асатын домбыраны 19 ғасырдан бері уақыт ішінде жасалған барлық сазды аспаптардың атасы деуге болады. Мәселен, бір күйдің ұзақтығы 2-4 минутқа созылады. Алайда дәулескер күйшілер байтақ елдің ұлы тарихын санаулы минутта он екі перне, қос ішекке сыйғыза білген.

2010 жылы 10 мыңнан астам адам домбырамен «Кеңес» күйін ойнап, бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабында тіркелген еді.

Еркін КАРИН