$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Кандидат Тұрғын Сыздықов сайлауалды тұғырнамасының басым бағытын айқындады

AstanaTV
02.04.2015ж. 20:00
1381
Кандидат Тұрғын Сыздықов сайлауалды тұғырнамасының басым бағытын айқындады

«Өркениет көшін бастадық» деген Батыстың кемшін тұсы, әсіресе мәдениет саласында анық байқалады». Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың пікірі осындай. Ол өзінің сайлауалды тұғырнамасындағы маңызды бағыттардың бірі - батыстың келеңсіз мәдениеті мен құндылықтарына тосқауыл қою екенін атап өтті. «Материалдық тұрғыда пайда табуда барын салатын олар рухани даму жағынан кенжелеп қалған»,- дейді Сыздықов. Кандидат сайлауалды тұғырнамасының батыстан ағылып келіп жатқан жалаң мәдениетті қабылдамауға негізделгенін баса айтты. 

«Алысқа бармай-ақ, батыстың киносын мысалға алсақ, жеткілікті», - деді Қостанайда өткен кездесуде президенттіктен үміткер Тұрғын Сыздықов. Кандидаттың ойынша, негізгі өнер түріне айналған, көбісі атыс-шабысқа құрылған фильмдер батыстық қоғамды шыңырауға сүйреп, қарапайым адами құндылықтардың қадір-қасиетін кетіріп болды. «Мұндай дүниелердің мазмұны әрбір азаматтың өміріне кері әсерін тигізе бастады», - деп түйді. 


Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Батыс құндылықтарының адамның санасы мен денсаулығына тікелей әсер ететін ықпалы бар. Мысалы, жай ғана компьютерлік ойыншықтардың өзі психика мен денсаулыққа кері әсерін тигізеді.

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов Қостанайдағы «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының ұжымымен кездесуінде де батыс мәдениетінің теріс ықпалына тоқталды. Қазақстан коммунистік халықтық партиясы орталық комитетінің хатшысы ұжым қызметкерлерін сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарымен таныстырды. Үміткер коммунизмнің негізіне айналған марксизм ілімін де айналып өтпеді.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Алға қойылған мақсаттарға жету үшін, марксизм-ленинизмді және Қазақстан коммунистік халықтық партиясының шарттары мен оның қызметін насихаттау қажет.

Қостанайдағы аймақтық сайлауалды штабында өткен жиында кандидат батыстың келеңсіз мәдениетін коммунистер ғана емес, ірі саясаткерлер мен ғалымдардың да қолдамайтынын алға тартты. Ал, партияның Қостанай облыстық комитетінің бірінші хатшысы әрі кандидаттың сайлауалды штабы жетекшісі Алпысбай Әлімбаев атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Алпысбай Әлімбаев, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың аймақтық сайлауалды штабы жетекшісі:

Біздің штабта қазіргі кандидатты қолдау үшін талай жұмыстар атқарылып жатыр. Насихат жұмысы, ақпарат жұмысы. Бес сенімді адамымыз бар. Солар халықпен кездесу, плакаттарды ілу жұмыстарын қолдап жатыр.

Адамзатты рухани дамуға емес, керісінше құлдырауға итермелейтін батыстың келеңсіз мәдениетіне тосқауыл қоймаса, болмайды. Аймақтық штабта өткен кездесуінде Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды бағдарламасындағы осы бағытқа тағы бір рет тоқталды. Батыстың өмір сүру дағдысына ермеу, есірткіге құмарлықты жою және фаст-фуд өнімдерін мүлде тұтынбау - партияның әркез назар аударатын мәселелері, - деді. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА