Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен баспанаға қол жеткізген жас отбасылар ауыз су азабын тартып отыр

AstanaTV
02.04.2015ж. 20:00
1488
Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен баспанаға қол жеткізген жас отбасылар ауыз су азабын тартып отыр

Шымкенттегі «Қол жетімді баспана - 2020» бағдарламасымен пәтер алған отбасылар шенеуніктер дауының құрбаны болып отыр. Тұрғындар қоныстанғанымен, мердігер, әкімдік және коммуналдық қызмет су айдайтын қондырғыны орнату не орнатпау туралы ортақ мәмлеге келе алмай жүр. Ал тұрғындар тоғызыншы қабатқа дейін шелектеп су тасиды. Айтуларынша, келіп тұрған суды су арнасындағылар қоспай отыр. Мәселенің мән-жайын осы өңірдегі әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Төртінші қабатта тұратын Аида Майданова, ақпанда пәтер кілті қолына тигенде, баспана мәселесі шешілгеніне қуаныпты. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Суды сырттан тасиды. Ауыз су азабын тартып отырған жас ана тіршілік нәрін барынша үнемдеуге тырысады.

Аида Майданова:

Жарықтың өзі кеше қосылды. Біз жас семья осы үйді қанша күттік. Енді қуанып келгенбіз басында, бәрі болады деп. Тұрғалы бері бірәз болып қалды,  су жоқ. Жарық та бірде болады, бірде болмайды, әйтеуір.

Мұнда қазір 10 отбасы ғана тұрып жатыр. 63 отбасына арналған баспанада көгілдір отын мен жылу да жоқ. Жедел саты да қосылмаған. Сол себепті пәтер иелерінің көпшілігі қоныстана алмай отыр.

Шаттық Тұрлыбаева:

Водоканал айтады: фирмаға барасыңдар, олар насос қойып береді, сосын біз қосамыз дейді. Ал фирма айтады: ол сметада жоқ нәрсе. Әкімшілік водоканалға жібереді. Бір біріне сілтеп, ақырында су жоқ.

Жаңа көпқабатты үйді мемлекеттік комиссия 2014 жылдың желтоқсанында қабылдап алғанымен, су арнасындағылар өз балансына әлі қабылдамаған. Суға жауаптылардың айтуынша, сынақ жүргізу кезінде су қысымы алтыншы-жетінші қабаттан жоғары көтерілмей қалған. Сол себепті қосымша «насос» орнату қажет дейді. Оның үстіне 9 қабатты тағы бес үйде нақ осындай қиындық туындапты.

Бекмұрат Әкімбаев, Шымкент қалалық су құбырлары және кәріз жүйесі басқармасы МКК директоры:

Біз өз жағымыздан алдын ала техусловие берген кезде, біз «предусмотреть подкачающий насос» деп берілген. Ол жерде жазылған, СНИП-ке сәйкес, бесінші этаждан жоғарғы қабатты үйлер бола ма, автоматты түрде проектіге насос кіру керек еді. Бұл жерде енді проектировщиктің кінәсі деп ойлаймын мен. Жиналыста осындай шешімге келгенбіз: мынау қала құрылыс бөлімі осы 9 қабатты үйлерге насостың ақша жағынан ба, спонсорлық жағынан өздері мердігерлерге жәрдем береміз деп. Қазіргі таңда өзіңіз көріп тұрсыз, бір насос қойылған жоқ.

Құрылысқа жауапты мердігер компания өкілі судың қысымын күшейтетін қосымша насостың құны 1,5 млн теңге екен айтты. Мұндай ақша бізде жоқ деп қысқа қайырды.

Әбдіқадыр Тәштаев, бас инженер:

Проектіде бізге бұған насос қою керек деген проектісі жоқ. Оған байланысты ақша қаралмаған. Сондықтан біз, бас мердігер есебінде, проектіден ауытқымастан, проекті бойынша үйді бітіріп, тапсырып отырмыз госкомиссияға. Енді үйді тапсырып болғаннан кейін, халық кеп кіргеннен кейін, бұларға суды беру керек. Ол суды беру водоканалдың міндетінде. Ал «насосты қоймасаңдар, біз суды бермейміз» дейді. Ол заңға қайшы.

Алайда тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімінің жауабы мүлдем басқа.

Бақытжан Егізбаев, Шымкент қалалық құрылыс бөлімі тұрғын үй секторының басшысы:

Аталған тұрғын үйге ешқандай насос керек емес. Егер водоканал келісімшартта уәде берген қысымды берсе, тоғыз қабат та толығымен сумен қамтылады. Ол үйлерде қосымша насостың қажет емес екендігі мемлекеттік сараптамамен дәлелденген. Әу баста водоканал техусловиеге насосты қосу керек еді. Қоспаған.

Бастарын ала қашқан тараптар осылай өздеріне шаң жуытпай келеді. Дегенмен су іздеген жас отбасылар мәселенің жақын күндері оң шешім табатынына сенімді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ