Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Иранның ядролық бағдарламасына байланысты тараптар тарихи шешімге қол жеткізді

AstanaTV
03.04.2015ж. 20:00
1607
Иранның ядролық бағдарламасына байланысты тараптар тарихи шешімге қол жеткізді

Иран санкциялар құрсауынан босайтын болды. Швейцарияның Лозанна қаласында халықаралық ықпалдастық «алтылығы» мен Иран ислам республикасы ядролық бағдарламаға қатысты тарихи шешімге қол жеткізді. Тараптар 12 жылдан бергі даулы мәселеге ақыры нүкте қойды. Экономикалық санкциядан құтылу үшін, Тегеран біраз талаптарға мойынсұнды. Ал ирандықтар тарихи келісімді тойлап жатқанда, мұнай бағасы барреліне 55 долларға түсіп кетті. Лозаннада қандай келісімге қол жетті және Иранның геосаяси қарсыласы Изариль бұл жаңалықты қалай қабылдады? Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

«Алтылық» пен Иранның мәмлеге келгенін таң ата естіген Тегеран тұрғындары бөріктерін аспанға атып, той бастап кетті. 40 жылдай санкциядан көз ашпаған ел халқы жақсы жаңалыққа сенер-сенбесін білмейді. Жылдарға созылған экономикалық шектеулермен қоса мұнай бағасының құлдырауы да Иранға соққы болғаны рас. Бір ғана 2012 жылы мұнай экспорты кеміп, Иран 70 миллиард доллар жоғалтты. Ұлттық валюта құлдырап, инфляция өсіп кетті. Енді жағдай түзеледі деп, ирандықтар мәз мейрам.

Біз өте-мөте бақыттымыз. Соңғы 10 жылда мұндай күн туды деп армандаудан қалғанбыз. Бұл біздің шынайы жеңісіміз.

Айналадағы қуанышты жүздерді көріп, мен сондай бақыттымын. Ирандықтар бейбіт халық, біздің бай тарихымыз бар. Біз әлемде бөгде бір елге ешқашан қарсы шықпаймыз.

Иранның ядролық бағдарламасы турасындағы Лозаннадаға келісімге сәйкес, Тегеран енді уран өндіру қондырғысын 19 мыңнан 6 мыңға азайтады. Демек, алдағы 10 жылда уран өндірісінің үштен екісі қысқарады. Бұған қоса уранды байыту бағдарламасы 25 жыл бойында МАГАТЭ назарында болады. Осы шешімге қол жеткізу үшін, тараптар 12 жыл сөз таластырды. Иран әлемдік алпауыт елдер алдында бейбіт атом өндіруге құқы барын дәлелдеумен болды. Алайда батыс Тегерен атом бомбасын әзірлеп жатыр деуден танбады. Билікке Махмуд Ахмадинежад келген соң, уранды 20 пайызға дейін байытуды тапсырды. Текетірес тоқтамаса, ел экономикасы күйрейтінін елдің діни жетекшісі Хамени де түсініп, билікке Хасан Руханидің келуін қолдады.

Джавад Зариф, Иран сыртқы істер министрі:

Біз инновациялық өндіріске көшеміз. Әлемдік нарыққа шығамыз. Байытылған уранды табиғи уранға алмастырып сатамыз. Біз өткен түнде 9 сағат бойы келіссөзді бекер жүргізбедік. Құжаттағы міндеттер түгел орындалады. Бұл біздің қарым-қатынасымызды оңалтып, алдағы уақытта тығыз жұмыс істеуге негіз болады деп сенемін.

АҚШ президенті Барак Обама Иранмен арадағы қарым-қатынасты реттеу сыртқы сасятатағы оның басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтатын. Бүгінгі келісімге ол да риза.

Барак Обама, АҚШ президенті:

Америка Құрама Штаттары одақтас серіктестермен бірге тарихи келісімге қол жеткізді. Иранда атом бомбасын шығаруға тоқтау салды. Бұған дейінгі келісім мінсіз болмаған, әлемді қауіптен құтқара алмас еді.

Вашингтонның мұндай реакциясы Иранның геосаяси қарсыласы Израильдің ызасын тудырды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху жаңа келісім өз еліне қауіп туғызатынын айтты. Саясаткер ресми Тегеранға қасылығын ашық білдіретін. Соңғы уақытта Ақ үйді айналып өтіп, Конгрессте республикалықтар алдына АҚШ пен Иран арасына сызат түсіруге барын салған. 

Марк Регев, Израиль премьер-министрінің баспасөз хатшысы:

Бұл келісім қауіпті болып тұр. Ол Иранға, уранды байыту үшін, мыңдаған қондырғы қалдыруға мүмкіндік береді. Және Иранға зерттеулер жүргізіп, жаңа, жетілген қондырғылар салуға мүмкіндік береді. Иранның ядролық бағдарламасының мақсаты - ядролық қару әзірлеу ғана. Өкінішке қарай, осы келісімде ол заңдастырылды. 

Ал  Иран түйткілі шешілген бетте, әлемдік мұнай бағасы 55 долларға түсіп кетті. Сарапшылар бұл нарықтағы құбылыстың басы ғана деп болжайды. Иранның нарыққа қайтып оралуы, мұнай өндіруші елдерге оңай соқпайды. Әсіресе, экономикасы шатқаяқтап тұрған Ресейге қиын болғалы тұр.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Санкциялардың шешілуі Иранның аймақтағы әскери, саяси позициясының артуына әсер еді. Әрине, экономикалық әлеуеті де мықты. Еуропаны Ресей газына деген тәуелділіктен құтқаруы мүмкін. Бұл АҚШ тарапынан жасалған үлкен саяси ойын.

Десе де Иран дағдарысы толық шешілді деуге әлі ерте. Тараптар келісімді тағы талқылап, келісімге 30 маусымда қол қояды. Иран ислам республикасындағы тұрақтылықты Қазақстан да қолдайды. Санкциялар арадағы сауда-саттықа  сызат түсірген. Қазақстанның Сыртқы істер министрі осы орайда қол жеткізген келісімді қуаттайтынын мәлемдеп те үлгерді.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ