$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы Алматыда зиялы қауым өкілдерімен кездесті

AstanaTV
03.04.2015ж. 20:00
1612
Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы Алматыда зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық сайлауалды штабы Алматыда зиялы қауым өкілдерімен кездесуін жалғастырып жатыр. Оңтүстік астананың зиялы тобы, ардагерлері және кәсіпкерлері қашанда да белсенді. Олар алдағы сайлауға бір кісідей қатысуға дайын екенін айтуда. Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Алматының мәдениет және ғылым қызметкерлері өкілдерімен, көреген ақасақалдармен кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын таныстырды. 

Алматы - өнер мен мәдениеттің ошағы. Белгілі тұлғалар мен зиялы қауым қаласы. Еліміз бойынша мұражай, театр, концерт залдары, білім ордалары мен ғылыми орталықтардың саны жөнінен оңтүстік астана көш бастап тұр. Бүгін бұл залда өнер мен шығармашылық өкілдері бас қосты. Ел болашағы, ұлт ертеңі талқыланған маңызды жиында әрбірінің айтары бар.

Әбдімәлік Нысанбаев, ҚР ҰҒА академигі:

Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ғылымға үлкен мән беріп отыр. Бізде жаңа заң қабылданды ғылым туралы. Ол заң қазір іске асып жатыр. Екіншіден, ғылыми зерттеу институттарындағы Ғылыми қызметкерлердің айлығы көбейді. Қазақ халқы ары қарай даму үшін, мен міндетті түрде Президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаймын.

Елімізде қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі - инновация. Болашақ технологияларын қазақ даласында өміршеңді етуде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі орасан. Бұл бағытқа жұмсалған қыруар еңбек бүгінде өз жемісін беруде. Жаңашылдықтың жарқын мысалының бірі - Алматыдағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркі. Мұнда бүгінде жүз елуге жуық ғылыми өндірістік компания нәтижелі жұмыс көрсетуде. Олар Қазақстанда жаңа «силикон алқабын» құру жобасына қызу кіріскен.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Елбасының тәуелсіздік алғаннан бері ең басты мақсаты қойып отырған - халықты, азамтатарды, жастарға сапалы білім беру, жастарды ғылымға тарту және жаңа технологияларды енгізу. Осы ұжым Елбасын 26 сәуірде бір ауыздан қолдайтынына сенімдіміз.

Жиналған қауым қазіргі қоғамды алаңдатып отырған келелі мәселелерді кеңінен отырып талқылады. Ақсақалдардың да айтары аз болмады. Жиналғандар, ұлт ертеңі, жарқын болашақ, тұрақты даму үшін, саяси науқанға бір кісідей ат салысатындарын айтып жатты. «Болашағымыз баянды болсын десек, дұрыс таңдау жасаймыз», - десті зиялы қауым. Келешек ұрпаққа кемел болашақ сыйлап, ел тізгінін ұлт көшбасшысына табыстау үшін, дұрыс таңдау жасау әрбір қазақстандықтың міндеті дейді.


Айгүл ӘДЕПБАЙ