$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов қостанайлық тігіншілермен кездесті

AstanaTV
03.04.2015ж. 20:00
1387
Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов қостанайлық тігіншілермен кездесті

Қостанайлық «Большевичка» тігін фабрикасының ұжымы марксизм мен ленинизм іліміне сүйенген коммунизм принциптерін еске түсірді. Президенттіктен үмітті Қазақстан коммунистері халықтық партиясының орталық комитеті хатшысы Тұрғын Сыздықов Қостанай өңірінде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.

Кәсіпорын ұжымындағы кейбір тігіншілер президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың бағдарламасы тыңдай отырып, өткенді еске алғаны анық. «Большевичка» фабрикасының кей жұмыскерлері кешегі кеңестік қоғамның «марксизм-ленинизм» құндылықтарын ұмыта қойған жоқ. Ал коммунизм принциптерін меңгермеген жас буын үшін Сыздықовтың тұғырнамасында жаңалық баршылық.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Біздің партияның қызметі ғылыми социализм идеяларына, марксистік-лениндік ілім мен қоғамдық ойға негізделген.

«Қоғамның қозғаушы күші - жұмысшы тап» деп, осы таптың дамуын бірінші кезекке қоятын коммунизм өкілі, батыс капитализмінің өзі білетін кемшін тұстарын тігіншілерге тәптіштеп түсіндіруге тырысты. Оның сөзінше капиталистік қоғам тұтынушылық принциптерге байланған. Ал мәдениет, білім-ғылым, мораль сынды құндылықтар экономиканың көлеңкесінде қалған.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Қазіргі кезде батыс елдерінде жарыққа шығып жатқан әдеби кітаптарды жазу үшін, керемет ақылдың да, дарынның да қажеті шамалы. Авторлардың көбі өз шығармаларының қоғамға зиян екенін мүлде ойламайды. Бұл, ең біріншіден, қоғамға моральдік жағынан қауіпті.

Капиталистік қоғам әділетсіз. Кандидат Сыздықов бұл ұстанымды әлемнің көптеген саясаткерлері мен экономистері қолдайды дейді. Президенттіктен үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасында халықтың дұрыс тамақтануы туралы да мәселе көтеріп жүр. Сыздықов батыстан келген тіске басарларға түбегейлі қарсы.

Есмағзам Майқанов, ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың сенімді өкілі:

Кандидатымыздың бағдарламасында айтылады, ол батыстың несі бізге жарамайды, соны біз халыққа жеткізу - міндет. Соны біз жеткізіп жатырмыз.

Тұрғын Сыздықов тігіншілермен өткен кездесуін нәтижелі санайды. Оның пікірінше, жиналғандар сайлауалды тұғырнаманың негізін түсіне білді.

Тұрғын Сыздықов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Мен бүгін «Большевичка» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездестім. Өз бағдарламамды түсіндірдім, кездесу жақсы өткен сияқты.

Тігіншілерге алғыс айтқан кандидат көтеріңкі күймен келесі кездесуге аттанып кетті.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ