$478.96 €533.03 ₽5.22
×

Батыс Қазақстан облысында автобус аударылып, 4 адам қайтыс болды

AstanaTV
06.04.2015ж. 20:00
1266
Батыс Қазақстан облысында автобус аударылып, 4 адам қайтыс болды

Батыс Қазақстан облысында жолаушылар автобусы аударылып, төрт адам опат болды. Қайғылы оқиға бүгін таңға жуық Ақтөбе-Орал тас жолында орын алған. Автобус Оралдан 80 шақырым жердегі Алғабас ауылының тұсында көпірден құлап кеткен көрінеді.

Ауыр жарақат алған екі жолаушы ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер олардың жағдайы қалыпты деп отыр. Сонымен қатар, автобус ішінде жүкті келіншек те болған көрінеді. Апат болған жерге он жедел жәрдем көлігімен жеткен реаниматологтар мен хирургтар жаралы жолаушыларға көмек көрсетті. 

Сафар Юсуфов, жолаушы:

Не болғанын да білмей қалдық, бұл кезде бәріміз ұйықтап жатқанбыз. Көзімді ашсам, айналамда дәрігерлер толып жүр. Есімізді енді ғана жиып жатырмыз.

Дәрігерлер 23 адамға ем-дом жасап, көмек көрсетті. Жолаушылардың бір бөлігін Сырым аудандық әкімдігі уақытша қоныстандырды. Автобус жолаушыларының барлығы да Өзбекстан азаматтары. Өздерінің айтуынша, жұмыс іздеп, Ресейге жолға шыққан. Қазір жол апатының себептері анықталып жатыр. 

Ерболат Мұқаев, БҚО ТЖД бөлім басшысы:

Облыстық клиникалық ауруханаға түскен аурулардың ішінде жеңіл жарақат алғандары да бар, ауыр жарақат алғандары да бар. Ауыр жарақат алғандары енді емдеуге қабылданды сол ауруханаға. Енді қалған жеңіл жарақатпен, зардап шекпегендер өздерінің елдеріне қайтарылады.

Еркін КАРИН