Йемен гуманитарлық көмекке аса мұқтаж. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысының ресми
өкілі Стефан Дюжаррикке сілтеме жасап Рейтерс хабарлайды. Ұлттар ұйымының
гуманитарлық мәселелер бойынша басқармасының есебінде наурыздың 26-нан
бері Йеменде 300-ден астам бейбіт тұрғын
қаза болды,-деп көрсетілген. Оның жетпіс төрті бала. Ал Дүниежүзілік денсаулық
сақтау ұйымы бұл сандардың екі есе көп екенін хабарлайды. Сондықтан
гуманитарлық көмек ауадай қажет.
Бүгін Джибутиден Иеменнің Аден қаласына екі
тоннаға жуық дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғылар жеткізілген. Олар бірден
ауруханаларға таратылды. Алайда ұлттар ұйымының есебінше, бұл көмек мардымсыз.
Өйткені жаралылар саны азаяр емес. Еске салайық, Сауд Арабиясының әскери әуе
күштері наурыздың 26-да Йеменнің басым бөлігін өз бақылауына алған хоуситтерге
қарсы соғыс ашып, елді әуе соққысы астына алды.
Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының
ресми өкілі:
Йеменде әскери қақтығыстарға дейін-ақ гуманитарлық көмекке мұқтаж азаматтар
саны аз болған жоқ. Осыны түсіну керек. Халықаралық қауымдастық оқтың астында
қалған бейбіт тұрғындарға барынша көмектесуі тиіс.
Айгүл ӘДЕПБАЙ