Атыраудағы
сылағы құлаған үйді жөндеумен кімнің айналысатыны, зардап шеккен автокөлікті кім жөндейтіні
әзірге белгісіз. Пәтер иелері кооперативі басшылығы бұл көп қабатты үйде
әскерилердің қызметтік пәтері орналасқанын айтып, қалалық әкімдіктің көмегінен үміттенеді. Ал
әкімдік үйді тұрғындардың өздері жөндеу керек,- деп, үзілді-кесілді бас тартып
отыр.
Людмила
Шароватова,
«Әнуар-авангард» ПИК төрайымы:
Бұл үйлер бюджет қаржысына салынған. Мұнда негізінен
әскерилер тұрады, Батыс әскери округінің. Олар уақытша адамдар, бүгін біздің
облыста, ертең басқа облысқа кетеді. Ақшаны, әрине, жинамайды. Бұл үйлерден үнемі осындай проблема. Бұл туралы
кеше қала әкімінің орынбасарына айттым.
Олар қалай шешеді? Көмектесе ме, жоқ па, әзірге белгісіз. Ал көлік шығынын өндіру мәселесін сот шешеді.
Өмірбек
Камалов,
Атырау қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль
жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
Қалай
айтқанда да, бүгінгі күні салынып болып кеткеніне 10 жылдан асып отыр ғой. Кепілдік мерзімі өтіп кетті екі жыл. Қазір
бүгінгі күні жекеменшік болып есептеледі. Оған ешқандай да әкімшіліктен қаражат
бөлінбейді.
Еске
салайық, кеше Атырауда қатты жел тұрып, жаңадан салынған көп қабатты үйдің
сыртындағы қалың сылағын құлатып кетті. Оқыс оқиға қаладағы Авангард ықшам
ауданындағы нөмірі 39-шы үйдің маңында орын алған. Изоляциялық материалмен
қапталып, сыланған қабырға бар салмағымен құлап, аулада тұрған
«Субару-Форестер» көлігінің дәл
үстіне түскен. Абырой болғанда, адамдар дін-аман. Алайда қымбат көліктің иесіне
біраз материалдық шығын келгені анық.
Пәтер иелері кооперативі өкілінің
айтуынша, бұл үйдің қабырға сылағы 2007
жылы да құлаған. Ол кезде кепілдік мерзімі өтпегендіктен, мердігер компания
жөндеп беріпті. Мұнда 27 пәтер бар, тұрғындардың пәтер иелері кооперативіне
түрлі коммуналдық қызмет үшін қарызы жарты миллионға жеткен.
Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ