$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Құмар ойындарын ұйымдастыратын орындар тұрғын үй ғимараттарынан аластатылады

AstanaTV
09.04.2015ж. 20:00
1397
Құмар ойындарын ұйымдастыратын орындар тұрғын үй ғимараттарынан аластатылады

Құмар ойындарын ұйымдастыратын орындар тұрғын үй ғимараттарынан аластатылады. Яғни енді бұл заңмен бекітілмек. Сенат депутаттары ойын бизнесі мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бұл заң аясында тұрғын үйлердің төменгі қабатында орналасқан бәс тігу кассалары мен букмекерлік кеңселер жабылады. Сондай-ақ, интернет-казино мен онлайн бәс тігу желілеріне де шектеу қойылады. Ойын құрылғыларын орналастыру мен сақтау бойынша да арнайы тәртіп белгіленбек.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Интернет-казино деген бар. Қазіргі күнде біздің жастардың телефонымен кіріп отырғаны интернет-казино. Осы заңға байланысты тоқтатамыз. Екіншісі суб-аренда деген бар. Букмекер кеңселерінде бүкіл стадиондар қасында жүгіріп жүрген, бір-біріне «пари», оларды да тоқтатамыз. Тек  осы заңға байланысты, жаңағы «пари» ойнау, букмекерлік кеңселерде ғана болады.

Пленарлық отырыс барысында Сенат депутаты Серік Ақылбай алимент бойынша қарызы бар азаматтарды 1 жылға дейін жүргізуші құқығынан айыруды ұсынды. Сенатордың айтуынша, қазір алимент өндiру өзектi мәселенің біріне айналған. Осыған қатысты 213 мыңдай сот шешiмінің 14 мыңнан астамы орындалмай келеді. Яғни осынша адам борышын өтемеген. «Қолданыстағы механизмдер алимент өндіру мәселесін толық шеше алмайды. Осыған орай, борышкердiң көлiк жүргізу құқығын уақытша шектеу мәселесi туындап отыр», - дейді Серік Ақылбай. 

Серік Ақылбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Алимент төлемей жүрген азаматтардың міндеттерін орындауға мүмкіншіліктері бар. Алайда олар түрлі себептермен жауапкершіліктен қашып, қызмет орны мен кіріс көздері туралы мәліметті жасырады. Заң қатаңдатылып, олардың шетелге шығуына тиым салынған. Арнайы рұқсаттама құжаттар, лицензия алу құқықтары да шектелді. Бұл да нәтижесіз болып отыр. 

Жұрағат БАМАН