$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Президенттіктен үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді өкілдері аймақтарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде

AstanaTV
09.04.2015ж. 20:00
1560
Президенттіктен үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді өкілдері аймақтарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде

Президенттіктен үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді өкілдері Оңтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Өңірлердегі штаб өкілдері жұршылықпен жүздесіп, үміткердің сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.

Айта кетейік, кандидат Әбілғазы Құсайыновтың  Оңтүстік Қазақстан облысындағы штабында 19 сенімді өкіл бар. Белсенді жастардан құралған топ облыстың барлық аудан-қалаларында рұқсат етілген орындарға кандидатқа дауыс беруге үгіттейтін үнпарақтар мен билбордтарды ілді. Үміткердің үгіт-насихат жұмыстары Ақтөбе облысында да қарқынды жүргізілуде.

Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов Оңтүстік Қазақстан облысы жұртшылығымен кездесті. Сайлауалды бағдарламасында экология мәселесін ту еткен үміткер, аймақты аралап, Ұялыжар ауылындағы «Ынтымақ» және «Ақнұр» өндірістік кооперативінің жұмысшыларын өз тұғырнамасымен таныстырды. Кандидат табиғи апаттар салдары, қоршаған ортаны қорғау мәселелері төңірегінде сөз сөйледі.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Өндіріс өніп жатыр, қарқынды өсіп жатыр. Соның арқасында табиғат зардап шегіп жатыр. Бұл - негізінде қауіпті мәселе. Бумеранг секілді, лақтырсаң өзіңе кайтып келеді.

Экологиялық қауіпсіздік тақырыбы жұртшылық арасында қызығушылық тудырды. Жиынға қатысқан халық белсенділік танытып, табиғи апаттардың туындау себебі туралы сауалдарын қойып, қоршаған ортаға келген залалды қалпына келтіру мәселесі турасында пікірлерімен бөлісті.

Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат:

Суды, ауаны ластап жатқан кімдер? Осы сұраққа жауап берейін. Ең басты - адам баласы. Бұл жерге өндірісті кім құрды? Адам баласы...

Кандидат Құсайынов әлемдік экологиялық ахуалға да байланысты деректер келтірді. «Шөл даланың көлемі жылдан жылға кеңейіп келеді. Ол бүгінде 27 миллион гектарға тең. Осының салдарынан адамзат жыл сайын 25 миллиард тоннаға жуық құнарлы топырақтан қағылып отыр», - деді Әбілғазы Құсайынов. Үміткердің сенімді өкілдері де экологиялық өзгерістердің зардабы туралы әңгіме қозғады.


Исатай Ахатаев, ҚР Президенттігіне кандидат Ә. Құсайыновтың сенімді өкілі:

Қазіргі замандағы экологиялық өзгерістердің салдарынан әлемде көптеген өзгерістер болуда. Сол экологиялық жағдайлардың салдарынан көптеген жануарлар мен өсімдіктер жоғалып кетуде.

Құсайыновтың әлемдік экологиялық қауіпсіздік мәселесі туралы сайлауалды бағдарламасын Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстары жұртшылығы жылы қабылдады. Үгіт-насихат тобының сапары барысында кандидат өңірлік штабтардағы сенімді өкілдеріне ризашылық білдірді.

Жұрағат БАМАН