Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Әлемнің 200-ден астам оқушылары Алматы облысына робот жасау сайысына жиналды

AstanaTV
10.04.2015ж. 13:00
1237
Әлемнің 200-ден астам оқушылары Алматы облысына робот жасау сайысына жиналды

«Инфоматрикс» халықаралық компьютерлік жобалар сайысы биыл үшінші рет әлемнің дарынды балаларын Алматы облысына жинады. Қаскелең қаласында басталған робот және ақпараттық технологиядан жасөспірімдер арасындағы сайысқа 300-ден астам қатысушы келген. Олардың ішінде жаңа технология мен ғылымға қызығатын қазақ балалары да өз бақтарын сынауда. Әлемнің 35 мемлекетінен келген оқушылар мен студенттерге биыл қойылатын талап та қатаңдаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша робот жасау ісі мен инновациялық жаңалықтарға деген қызығушылық жастар арасында жоғары.

Сондықтан жарысқа қатысуға үміт білдірген 1 мың 700-ден астам оқушының арасынан, «ең ұтымды» жаңалық ұсынғандар ғана ақтық сайысқа жолдама алыпты.  Жоба қорытындысы апта соңында жария болмақ.  Атыраулық Олжас Қарақұлов пен Данияр Ғаппар өрт сөндіретін робот ойлап тапқан. Құрылғы өрт кезінде адам қолы жете бермейтін жерлерге кіріп, жалынды ауыздықтауға негізделген. Оның арнайы датчигі ыстықты сезіп, соған қарай отқа су себетін мүмкіндікке ие.

Данияр Ғаппар, өнертапқыш:

Түнгі мезгілде ол арнайы датчик көмегімен өрттің ошағын тауып, өзі сөндіре бастайды. Біз қазір беделді компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл өнертабыстың үлкенін жасап, үйлердің ішіне кіріп, өрт сөндірушілер жете алмайтын аумақта отты өшіруге қол жеткізуді ойластырып отырмыз.

Салтанат Әмірғалиева, физика ғылымдарының докторы, ұйымдастырушы:

Бұл тек қана абстрактілі роботтар ғана емес. Оларды болашақта индустрияға енгізуге мүмкіншіліктер туындайды. Жас дарындардың үлкен идеялары. Оны іске асыру кішігірім деңгейде болып көрінгенімен болашақтары зор.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ