Қазақстан
үкіметі сүт импортының көлемін азайтуға күш салады. Өзге елдің өнімін әкелуді
тыю үшін, отандық сүт өндірушілерге мемлекет қол ұшын бермек.
Бұл туралы
Алматыда Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді. Министрлік
дерегінше, бүгінде республика бойынша
жылына 2 миллион литр сүтті өңдеуге қауқарлы екі жүздей кәсіпорын бар. Елімізде жылына 5 миллион литр сүт өндірілсе,
соның тек 40 пайызы ғана өңделеді. Өйткені ауыл тұрғындарының сүтті зауыттарға
әкелуге мүмкіндігі жоқ.
Сондықтан Қазақстанда алдағы 5 жыл ішінде 212 сүт
қабылдау бекеті ашылмақ. Оған, министрдің айтуынша, 700 миллион теңгеге жуық
инвестициялық субсидия бағытталады. Яғни әр тұрғын өз сүтін өткізіп, ақша
табады, ал зауыттар қосымша шикізатпен қамтамасыз етіледі.
Асылжан
Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрi:
Импорттың
үлесі 25-30 пайызға жуық. Біздің алдымызда сол импортты отандық өнім арқылы ауыстыру тапсырмасы тұр. Ол үшін бізге
шетелден келетін сүт өнімінің сапасын тексеруді қатаңдату керек. Олар да біз сияқты елімізде қабылданған
барлық ережелерді, техникалық регламенттерді сақтасын. Сонда бізде таза
бәсекелестік болады.
Берік ХАСЕНОВ