Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Отандық ғалымдар елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін қалыптастыруды талап етуде

AstanaTV
13.04.2015ж. 10:00
1676
Отандық ғалымдар елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін қалыптастыруды талап етуде

Отандық ғалымдар елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін қалыптастыруды талап етуде. Қарағандыда фитохимияны дамыту мәселелері тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиынға қатысушылардың айтуынша, Қазақстанға отандық сапалы дәрілер қажет. Себебі, елде өндірілетін дәрілердің тең жартысы шетел өнімдерінің баламасы болып табылады. «Сондықтан бізге дәрі өндірісінің 100 пайызын қамтитын жаңа кәсіпорындарды ашу керек», - дейді конференция қатысушылары.

Фармацевтердің пікірінше, денсаулықты нығайту үшін табиғат байлығын кәдеге жарату керек. Мәселен, ісік ауруына қарсы қолданылатын Арглобин дәрісі бастан-аяқ Қарағанды фармацевтикалық зауытында жасалады. Тіпті өнім сапасын бақылайтын зертхана да бар. Бірақ, өнімнің жаңа түрін зерттеп, шығару қалтаны қағатындықтан, шетелдік инвесторлар Қазақстанда дайын дәрілерді өндіреді.

Евгений Толоконников, Қарағанды фармацевтикалық зауытың директоры:

Фармацевтика саласын дамыту үшін инвестиция тарту бойынша мемлекеттік бағдарлама бар. Енді отандық дәрілерді зерттеуді қолдайтын мемлекеттік бағдарлама қажет. Дәрілермен қамтамасыз ету - елдің қауіпсіздігін сақтайтын маңызды мәселе болып табылады.

Әлемдік аренада орны бөлек Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Чехия, Белорусь пен Қырғызстан фармакологиялық институттарының біздің ғалымдармен бірлесе жұмыс істегеніне 20 жылдан асты. Нәтижесінде, ісік ауруына және вирусқа қарсы, жүрек-қан тамырларын оңалтатын біршама дәрі-дәрмектер ойлап табылды. Орта Азия халқының генетикалық жүйесі жергілікті табиғатқа бейімделгендіктен, тұрғындарды осы аймақта табылған шипалы шөптермен емдеу тиімді.

Шамансур Сағдуллаев, Өзбекстан Реступбикасы Өсімдік заты химиясы институтының директоры:

Табиғат-ананың берген шипасы қауіпсіз болып табылады. Әлі де пайдасы зерттелмеген, ашылмаған қаншама өсімдіктер бар. Соларды кәдеге жарату керек.

Жаңа ойлап табылған дәрі бірден кеңінен қолданылады деп айту қиын. Бірқатар отандық компания өз тиімділігін ондаған жылдардан соң дәлелдеді. Фармацевтер Кедендік Одақ жеңілдіктерінің шарапатына сеніп отыр. Себебі, біздің үкімет бағаларды көтеруге тыйым салады. Ал шикізат құны өсіп келеді.

Валентина Понаморева, «Фитолеум» ЖШС бөлім басшысы:

Меморандумға қол қоятын кәсіпорындардың аясын кеңейту керек. Себебі, шикізат иелері назардан тыс қалады. Соңында бар ауыртпашылықты тауар өндіруші көтереді.

Жиын қорытындысы бойынша, конференция қатысушылары бір байламға келіп, әріптестік орнатуға бел буды. Сан қилы мемлекет фармацевтері Қазақстанда жеке өндірістерін ашуға ынта білдірді. Сондай-ақ, олар жергілікті өсімдіктерді зерттеп, өздерінің үздік технологияларымен бөліспек.

Абзал ҚҰРМАНКИН 






Алдыңғы жаңалық