×

Павлодар облысының екі ауданында ТЖ жарияланды

AstanaTV
13.04.2015ж. 20:00
1180
Павлодар облысының екі ауданында ТЖ жарияланды

Павлодар облысының да бірнеше ауылы тасқын астында қалды. Жергілікті биліктің мәліметінше, табиғи апаттан зардап шеккен Баянауыл және Ақтоғай ауданында төтенше жағдай жарияланды. "Дегенмен, ахуал тұрақтанып келеді", - деді құтқарушылар.

Баянауыл ауданы Теңдік ауылының тұрғыны Нұржан Шаринкин жұма күнгі түнді үреймен еске алады. Айтуынша, кенеттен көтерілген қар суы бұқараны әбігерге салыпты. Дегенмен, апаттың алдын алу шараларының жүргізілгенін де мойындайды. Су екпінінің қатты болғаны соншалықты, ешбір бөгет тосқауыл бола алмаған. Лай су үй ішіне дейін кіріпті. Соңғы мәліметтер бойынша, табиғи апаттан 10 баспана мен 9 қора-қопсыға шығын тиген.  200-дей мал айдалып, алты отбасы қауіпсіз жерге жеткізілді.

Нұржан Шаринкин, Теңдік ауылының тұрғыны:

Кешкілік уақытта, сегізде су көтеріліп кетті. Аяқ астынан, қараңғы түскен кезде. Қайда барарымызды білмей қалдық. астық қатты. Алдында қапшық төсеп көмектесті. Құм әкеліп, сондай көмектер болды. Бірақ биыл жылдағыға қарағанда, өте қатты келді су.

Бүгін таңертең Тендік ауылы маңындағы көпір тасқын суға шыдас бермей, бұзылды. Салдарынан Павлодар-Қарағанды республикалық тас жолының бір бөлігі су астында қалды. Дәл осындай ахуал Баянауыл-Майқайың тас жолында да орын алды. Қалыпқа келтіру жұмыстары су деңгейі қайтқан соң жүргізілмек. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, Селеті су қоймасындағы су деңгейі де көтеріліп келеді. Осыған байланысты ендігі күш Ақтоғай ауданындағы Шолақсор ауылына жұмсалып отыр. Елді мекенге құтқарушылар жұмылдырылып, техника тартылуда.

Әлібек Длимов, Павлодар облыстық ТЖД басшысы:

Ауылдың шетіндегі қауіпті аумақтарды бекітумен қатар, мамандар арықтар қазып, суды бұрып жатыр. Судың екпіні қатты болып тұр. Дегенмен, бұл арықтар тасқынға мейлінше тосқауыл болды. Тіпті, Теңдік ауылына да көмегі тиді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ