Президентікке
кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабы мүшелері Жайық
жағалауына табан тіреді. Белсенді топ онда студенттермен, диқандармен,
жұмысшылар және этно-мәдени бірлестік өкілдерімен кездесті.
Батыс
Қазақстанда соңғы бес жылда өнеркәсіп
өндірісі екі есе өскен: 800 млрд-тан 1 трлн 600 млрд теңгеге дейін. Өңірде екі
мыңнан аса адамды жұмыспен қамтыған жаңа 38 зауыт іске қосылды. Екі үй салу
комбинаты, шыны шығаратын зауыт - ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жатқан
сәтті жобалар.
Асқар
Ажаев,
«Орал трансформатор» зауытының басқарушы директоры:
Өнімдеріміздің 90 пайызы
Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспортталады. Бұл ұлт көшбасшысының
отандық тауар өндірушілерді қолдауда жүргізіп жатқан саясатының көрінісі.
Тау тасымен,
ел жасымен көрікті. Жас отандықтар жақында Астанада бас қосқан-ды. Кандидат
Назарбаевтың сайлауалды штабы өкілдері құрылтайда сөз болған мәселелерді
оралдық өрендерге де жеткізді. Депутат Майра Айсина жалынды сөздерімен жастарды
Назарбаевқа дауыс беруге үндеді.
Елім
менің Қазақстан, партиям менің «Нұр Отан»,
президентім - Нұрсұлтан!
Жуырда
Батыс Қазақстанда достық үйі ашылады. Түрлі ұлт өкілдері айтулы күнді асыға
күтіп жүр. Шаһарда татулық пен бірлікті ту еткен ғимаратты тұрғызуды Нұрсұлтан Назарбаев
тапсырыпты.
Мұхтар
Құл-Мұхаммед, ҚР Президенттігіне үміткер Н.Назарбаевтың республикалық
қоғамдық штабы жетекшісі:
Тәуелсіздіктің
алғашқы жылдарында ұлтаралық қақтығыс аренасына айнала жаздаған Батыс
Қазақстан облысы дамудың үлкен жолынан өтті. Батыс Қазақстан тек қана
қазақтардың ғана емес, барлық ұлттардың жаннат мекеніне айналды. Бұл тәңірдің
көктен түскен сыйы емес, бұл Елбасының ұлтаралық татулық пен келісімге негізделген
дана саясатының жемісі.
Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ