Шығыс Қазақстан облысында жүзден аса құрылыс компаниялары лицензиясынан айырылуы мүмкін. «Қара тізімге» енген компаниялар нысандарды уақытылы тапсырмаған немесе құрылыста ережелерді өрескел бұзған. Өз ісіне салғырт қараған шенеуніктер де жазалануы ықтимал. Өңір басшысы Даниал Ахметов өткен аптада тұралап қалған құрылысты аралап, осындай олқылықтарды тапты.
Мынау Зимовьевск психоневрологиялық мекемесі. 2013 жылдан бері мұнда
200-дей науқас ем қабылдаған. Бірақ,
ашылғанына көп бола қоймаған нысанның қабырғалары қақырап тұр. Қазынадан
бөлінген 1 миллиард теңге құмға сіңгендей жоқ болған. Ғимараттан шығатын лас
су іргедегі өзенге ағуда. Өйткені, кәріз
жүйесі жасалмаған. Нысан әлі күнге дейін мемлекет меншігіне өткізілмепті. Ал, құрылыс компаниясының басшысы қамауда.
Даниал Ахметов - Шығыс қазақстан облысының әкімі:
Кім бізде техникалық бақылауға жауапты? Нысан пайдалануға берілмеген,
техникалық және технологиялық өрескел қателіктер бар. Техникалық бақылау
сауатсыз жүргізілген. Сондықтан құрылыс компанияларынан лицензияны кері қайтару
мәселесін көтеріңіздер.
Су айдағыш мұнаралар құлауға шақ
тұр. Жан-жақтан темір арқанмен тартылғанымен, құрылысшылар болашақта бәрібір
бұзу керек дейді. Арнайы комиссияның «Техникалық бақылау қайда қараған?» деген
сұрағына ешкім жауап қата алмады.
Айтқабыл Кәрібаев -Техникалық бақылау бөлімінің өкілі:
Жерасты жағдайы өзгеріске ұшыраған. Өзеннің арнасы ауысып кеткен. Кесірінен
судың биіктігі бірінші қабатқа жетіп отыр.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Ешкім жауап бергісі келмейді. Бәлкім мен осы мәселемен айналысуға
прокурорды шақырармын. Шұғыл түрде солай істемесем болмайтын түрі бар.
Құрылыстағы олқылықтарды толықтай жою үшін науқастарды басқа жерге көшіру
қажет. Бірақ, оған дайын тұрған орын да жоқ. Бұрынғы емхана ғимаратын
құрылысшылар күреп тастаған. Аймақ басшысы қара тізімге енген құрылыс
компаниялармен ауқымды жиын өткізбек. Облыс бойынша осындай сапасыз құрылыс
жасаған 118 компания бар екен. Олардың барлығы болашақта лицензиясынан айырылуы
ықтимал. Ал, жылдар бойы құрылысы аяқталмай тұрған мекемелерді салған
мердігерлер ісімен прокуратура айналыспақ.
Берік
ХАСЕНОВ