$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Қарағанды облысында су тасқынының беті қайтпай тұр

AstanaTV
14.04.2015ж. 20:00
1438
Қарағанды облысында су тасқынының беті қайтпай тұр

Қарағанды облысындағы ахуал әлі тұрақтала қойған жоқ. Қар суы мен арнасынан тасыған өзендер суы көпірлерді бұзып, республикалық маңызы бар бірқатар жолдарды алып кетті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдай департаменті хабарлады.

Аймақта Нұра, Қарқаралы, Бұқар жырау аудандарында бірнеше көпір бұзылған. Нұра өзенінің тасуы салдарынан Баршын, Ғабиден Мұстафин, Тұзды ауылдарына, Қушоқы кентіне көлік қатынасы тоқтатылған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызмет өкілдері бірлесіп, келген судың арнасын басқа жаққа бұру үшін, арықтар қазып жатыр. Республикалық маңызы бар бірнеше тас жолдар жабылды. Жолдарды су шайған. Кейбір аймақтарда жол су астында қалды. Сондықтан барлық көліктерге Ботақара, Ағадыр, Керней кенттерінен Павлодарға қатынайтын жол бөліктері, Кернейден Теміртау қаласына дейінгі аралықтарда жүруге тыйым салынды.

Құтқарушы мамандар таратқан деректерге сенсек, облыс бойынша 35 елді мекен топан судан зардап шекті. 500-дей баспана су ортасында қалған. Айта кетейік, еріген қар суы 25 наурызда Шет ауданы Ағадыр кентіне бірінші жетті.  

Айжан ҚУАШ