Астана жұртшылығы ақпараттық алаяқтардың араңдатуына тағы ұрынды. Бүгін
елордалықтардың смартфондарына Астана маңындағы су қондырғыларының бірі істен
шығып, «ауыз су қар суымен ластанды» деген ақпарат таратылды. Қылмысқа
теңестірілуі мүмкін қалжың туралы Азамат Алдоңғаров тарқатады.
Өткен жылғы банктердің жаппай банкротқа ұшырауы жайындағы жалған
ақпараттан сабақ алмаған астаналықтардың аузы кезекті рет жалған ақпардан
күйді. «Астананың ауыз суын ішуге болмайды» деген хабарлама алған елордалықтар
уайымға салынып, мәселенің ақ-қарасын анықтауды бізден өтінді. «Астана су
арнасы» коммуналдық кәсіпорнынан «ақпарат жалған» деген жауап алғанымызбен,
судың сапасын зертханада тексеруді өтінді.
Сынамаға қарапайым құбыр суы алынды. Жан-жақты тексерістен кейін мамандар
«су ішуге жарамды, нормаға сай» деген қорытындыға келді. Сөз арасында зертхана
сарапшылары, Астананың суы коммуналдық кәсіпорынның зертханасы мен қалалық
санитарлық қызметтің жіті қадағалауында деп, сендірді.
Алма Алшынбаев, «Астана су арнасы» МКК сынақ зертханасының инженер-химигі:
Біздің зерттеулеріміздің нәтижесі бойынша су «ауыз су» мемлекеттік
стандартына және санитарлық нормаға сәйкес деп танылды. Таратылған ақпарат
негізсіз.
Астана сорғы-сүзгі стансасының басшысы халықтың аңқаулығына таң. Елорданың
су сүзу қондырғылары сел салдарынан істен шықса, Астана толық су астында қалуы
тиіс, дейді ол.
Белгебай Смағұлов, Астана қаласы сорғы-сүзгі станциясының басшысы:
Қалаға су үш құбырмен келеді. Осында келген суды біз тазалап, қалаға беріп
тұрамыз. Ал мынау сөздер, ол арандатушылық деп ойлаймын. Өйткені біз қаланың
ортасындамыз, оң жақ жағалауда. Егер су келсе, қаланың жартысын су алып кетер
еді. Біздің сорғыш-сүзгіш стансамыз өзінің режимі бойынша жұмыс жасап жатыр.
Ал еліміздің төтенше жағдайлар комитетіне жауапты Владимир Божко «сумен
ойнаған тентектің сұрауы күшті болады» дейді.
Владимир Божко, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
Өткен жылы банктердің банкрот болғаны жайында «уатцаппен» хабарлама таратқан
бір азамат бас бостандығынан айырылған еді. Енді мына жәйт бойынша ойланамыз.
Қазір су сақтау нысандарының барлығы қатаң қадағалауда. Бір нысанға шынымен
қауіп төніп, оның жұмысын уақытша тоқтаттық. Су жүйелері де, су сапасы да
қалыпты.
Вице-министр халықты ақпаратқа ұқыпты болуға үндеді. Еліміздің кей
аймақтарын су басқанымен, бас қаланың қорғаныс шебі мықты дейді.
Азамат
АЛДОҢҒАРОВ